12 ақп, 2026 сағат 14:37

Сот сапасыз автокөлікке қатысты сатып алу-сату шартын бұзды

Фото: ашық дереккөз

Павлодар облысының тұрғыны сатып алған «CHERY TIGGO 8 PRO MAX» маркалы автокөлігі сапасыз болып танылып, сот шешімімен сатып алу-сату шарты бұзылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, азамат 2023 жылдың ақпан айында аталған көлікті ЖШС-тен 19,6 миллион теңгеге сатып алған. Көлікке 84 ай немесе 200 мың шақырым жүріске кепілдік берілген. Сондай-ақ автокөлік банк кепілдігінде болып, сақтандырылған.

2025 жылдың наурыз айында, яғни кепілдік мерзімі ішінде, автокөліктің қозғалтқышы істен шыққан. Көлік сатушы компанияның қызмет көрсету орталығына тапсырылғанымен, ұзақ уақыт бойы жарамсыз күйде тұрған. Иесі ЖШС-ке бірнеше рет жүгінгенімен, жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған.

Осыған байланысты автокөлік иесі сотқа талап арыз беріп, сатып алу-сату шартын бұзуды, көлік құнын, өсімпұлды, келтірілген залалды және моральдық зиянды өндіруді сұраған.

ЖШС өкілі талапты мойындамай, ақау кепілдік жағдайына жататынын, тиісті жөндеу шаралары қабылданғанын және уақытша басқа автокөлік берілгенін алға тартқан.

Алайда Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты істі қарау барысында ақаудың кепілдік мерзім ішінде пайда болғанын, ал тұтынушының пайдалану ережелерін бұзғанын растайтын дәлелдер жауапкер тарапынан ұсынылмағанын атап өтті. Сонымен қатар көліктің ұзақ уақыт бойы жарамсыз күйде болуы тауардың елеулі кемшілігі бар екенін көрсететіні айтылды.

Сот Азаматтық кодекс пен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң нормаларын басшылыққа алып, талап қоюшының уәждерін негізді деп таныды. Нәтижесінде сатып алу-сату шарты бұзылып, ЖШС-тен автокөлік құны ретінде 19,6 миллион теңге және моральдық зиян үшін 150 мың теңге өндірілді.

Павлодар облыстық соты ЖШС мен банк берген апелляциялық шағымдарды олардың кері қайтарылуына байланысты қараусыз қалдырды.

Сот актісі заңды күшіне енді.