12 ақп, 2026 сағат 12:57

Букмекерлік кеңсеге бюджет қаржысын тіккен бухгалтер ұсталды

Фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік кәсіпорындардың бірінде аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды, деп хабарлайды Ult.kz. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, лудоманияға шалдыққан кәсіпорын бухгалтері мекеме қаржысын заңсыз пайдаланып, қаражатты «1XBet» букмекерлік кеңсесінде бәске тіккен. Сонымен қатар ұрланған қаржыға жаңа автокөлік сатып алғаны белгілі болды.

Мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 118 миллион теңгені құраған.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес («Бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену немесе талан-таражға салу») сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу ісін арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр.

Сот санкциясымен күдікті тергеу изоляторына қамалды. Сондай-ақ сатып алынған автокөлікке тыйым салынды.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, бұл жағдай ойынға тәуелділіктің тек жеке адамға ғана емес, мемлекет мүддесіне де елеулі зиян келтіруі мүмкін екенін көрсетеді.

Еске салайық, 2025 жылы Батыс Қазақстан облысында прокуратура органдарының қадағалау актілері негізінде букмекерлік кеңселерде бәс тіккені үшін түрлі мемлекеттік органдардың 16 қызметкері қызметінен босатылған.