Фото: ашық дереккөз
Жетісу облысында әлеуметтік желі арқылы азаматтарды бопсалаған Талдықорған қаласының 9 тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, 2024 жылдың мамыр айынан 2025 жылдың наурызына дейін өңір аумағында ұйымдасқан топ әрекет еткен. Күдіктілер әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалар арқылы жәбірленушілермен танысып, сеніміне кірген. Кейін түрлі сылтаумен оларды өз үйлеріне шақырған.
Қылмыстық схема психологиялық қысым мен манипуляцияға негізделген. Айыпталушылар жәбірленушілерді «зорлау фактісі бойынша полицияға арыз береміз» деп қорқытып, «мәселені шешу» үшін ірі көлемде ақша талап еткен. Топ мүшелері алдын ала бөлінген рөлдер бойынша әрекет етіп, азаматтарға жүйелі түрде қысым көрсеткен.
Құқық қорғау органдары заңсыз әрекетті әшкерелеп, күдіктілерді ұстаған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданған.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы ұсынылған дәлелдемелердің жеткілікті екенін дәлелдеді. 2026 жылғы 30 қаңтарда Талдықорған қалалық сотының үкімімен айыпталушылар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігінің 1), 2) және 3) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
