Фото: Polisia.kz
Алматыда бірден 11 адам ұсталды. Олар интернет-дүкен арқылы есірткі заттарын байланыссыз тәсілмен таратты деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің мәліметінше, күдіктілер қатарында ұйымдастырушылар, операторлар және наркодүкеннің қаржылық қызметін қамтамасыз еткен тұлғалар бар. Тергеу нұсқасы бойынша, заңсыз сауда Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында жүргізілген.
Жедел іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан шамамен 3 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Сонымен қатар қылмыстық схеманы үйлестіру үшін пайдаланылған байланыс құралдары, банк карталары және цифрлық тасымалдағыштар алынды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтап жатыр.
