12 ақп, 2026 сағат 12:22

Олимпиада жүлдегерінің арызы: Бас Прокуратура қылмыстық іс қозғады


Фото: Еркебұлан Шынәлиевтің парақшасынан

Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Бокстан Олимпиада жүлдегері Еркебұлан Шыналиевтің қорған сұраған видеоүндеуіне қатысты мәлімдеме жасады. Мәжіліс кулуарында Ult.kz тілшісінің сұрағына жауап беру барысында ол Шыналиевтің арызы бойынша осыдан бір-екі күн бұрын ғана "адам ұрлау" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.


"Қазір тергеу сатысында. Сол кісінің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп мәлімдеді Бас Прокурорының орынбасары.


"Ал Түркияға күдіктілдер бойынша қандай да бір сұрау жібердіңіздер ме?" деген сұрақ бойынша Қойгелдиев:

"Бар. Экстрадициялау бойынша біздің сұрауымыз жолданды. Қазір зерттелу сатысында", - деді ол. 


Фото: Мәжіліс
Айта кетейік, Бокстан Олимпиада жүлдегері Еркебұлан Шыналиев өз өміріне қауіп төнгенін айтып, құқық қорғау органдарына жүгінді. Оның айтуынша, өзін Түркияға бапкер ретінде шақырған азаматтар кейін заңсыз әрекеттерге тартпақ болған, ал бас тартқан соң қысым көрсеткен. Спортшы Стамбұл маңында белгісіз адамдар күш қолданып, өзін ҰҚК өкілі ретінде таныстыруға мәжбүрлегенін мәлімдеді. Ол ІІМ мен Бас прокуратурадан жағдайға құқықтық баға беріп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрады.


Тақырыпқа байланысты оқыңыз: «Басыма қару кезеді»: Олимпиада жүлдегері Еркебұлан Шыналиев полициядан көмек сұрады