18 жел, 2025 сағат 15:47

Көше жарығына бөлінген қаражатты талан-таражға салған өскемендік экс-басшы 7 жылға сотталды

Фото: ашық дереккөз

Өскемен қаласында «ШҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы» АҚ-ның бұрынғы басшысы Батырбаев Д.Б. және өзге де тұлғаларға қатысты бюджет қаражатын жымқыру, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактілері бойынша айыптау үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.

Сот материалдарына сәйкес, 2019 жылы Өскемен және Семей қалаларында көше жарығы жүйесін жаңғырту жобасы іске асырылған. Жоба электр энергиясын үнемдеу және жарық сапасын арттыру мақсатында ескі шамдарды жарықдиодты құралдарға ауыстыруды көздеген. Алайда тергеу барысында күдіктілер жабдықтар мен атқарылған жұмыстардың құнын негізсіз өсіріп, мемлекетке 320 млн теңге көлемінде залал келтіргені анықталды.

Сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру үшін акционерлік қоғамның бұрынғы басшысы сенімді тұлғаның атына жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркеп, оны жалған шарттар арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыратын қосалқы мердігер ретінде пайдаланған.

Сот үкімімен Батырбаев Д.Б., Ю.Г. Халитов және Н.Т. Папышев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Азаматтық талап толық қанағаттандырылды.

Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлік, оның ішінде тұрғын үйі бар жер учаскесі мен автокөтергіш тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енді.