Фото: Қорғаныс министрлігі
Қорғаныс министрлігі жыл басынан бері Қарулы Күштерде болған өлім жағдайларына байланысты мәлімдеме жасап, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Министр Дәурен Қосановтың тапсырмасымен қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін шұғыл шаралар қабылданды:
1. Әскери тәртіп пен қауіпсіздік талаптары күшейтілді; атыс жаттығулары мен сабақтар кезінде сақтық қатаңдатылды.
2. Жеке құрам психологиялық тексеруден өткізілуде, қызметтік дайындық қайта бағаланды.
3. Командирлер мен сержанттардың жауапкершілігі арттырылды, оқыс оқиғалардың алдын алу басты назарда.
4. Әскери бөлімдерде жан-жақты тексерулер мен бейнебақылау жүргізілуде, құқық бұзушылықтарға қарсы профилактикалық шаралар күшейтілді.
5. Әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланыс қамтамасыз етілді.
6. Барлық оқиғалар бойынша кадрлық және тәртіптік шаралар қабылданды: бөлім командирлері мен олардың орынбасарлары қызметтен босатылды, кейбір қолбасшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Министрлік шаралардың басты мақсаты – жеке құрамның өмірі мен денсаулығын қорғау және қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу екенін айтты.
Айта кетейік, күні кеше Жамбыл облысында тағы бір сарбаз көз жұмды.
