Фото: видеодан скриншот
Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде Семейде болған оқиғаға қатысты видео қызу талқыланып жатыр. Түнгі сағат үш шамасында бойжеткен үйіне келгенде 24 жастағы қыз подъезге ере кіріп, ұрыс шығарып, бірінші кіргенін талап еткен. Оқиғаны Ult.kz тілшісі мамандармен саралап көрді.
Қорқыныш түні: белгісіз әйелдің әрекеті
Әлеуметтік желіде Аружан есімді бойжеткен таңғы 04:00-те жұмысынан қайтып келе жатып, өз подъездің есігін ашқан кезде белгісіз қыз соңынан ере кіргенін баяндаған.
«Түнде мұндай жағдай болады деп ойламадым. Қыз баласы болған соң қорықпаймын деп те ойладым. Алайда оның әрекеті мен агрессиясы шошытты. Менің видеомды түсіріп тұрғанымды көргенде ол басқаша сөйлей бастады. Байқап жүріңіздер», – дейді бойжеткен.
Абай облысының полиция департаменті бұл дерекке қатысты тергеу жүргізіп, қоғамдық тәртіпті бұзған белгісіз азаматшаға айып салынғанын хабарлады.
«2026 жылғы 25 қаңтар күні сағат 03:21 шамасында Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданындағы үйлердің бірінде екі азаматша арасында ауызша жанжал шықты. Жанжал барысында 24 жастағы бойжеткен бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, түсініктеме алынды. 24 жастағы азаматшаға қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік іс қозғалды», – делінген хабарламада.
Бұл сталкинг ұғымына жатпайды
Осы орайда, «аталған оқиға сталкингке жата ма?», «жанжалға қатысқа азаматша неліктен тек айыппұлмен құтылып кетті?» деген сұрақ көпшіліктің көкейінде қалды. Осы орайда заңгер Қуат Ауғанбек аталған оқиғаға сталкингтің қатысы жоқ екенін атап өтті.
Фото: Қуат Ауғанбектің жеке мұрағатынан
«Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2025 жылы 115-1-бап енгізілді, ол – сталкингке қатысты. Алайда бұл норма Семейде болған оқиғаға тікелей қатысы жоқ. Себебі сталкинг деп танылуы үшін әрекет жүйелі түрде жасалуы керек: бір рет емес, бірнеше рет аңду, видеокамера орнату, GPS қою, жүйелі түрде қоңырау шалу, тыңдау құрылғыларын қолдану сияқты әрекеттер болуы шарт.
Ал бұл жағдайда көшеде аяқ астынан келіп, балағаттау фактісі орын алған. Егер дене жарақаты келтірілмесе, ұрып-соғу немесе басқа да қылмыстық әрекеттер болмаса, бейнежазбада көрсетілген боқтау мен балағаттау ұсақ бұзақылық ретінде бағаланады. Мұндай жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылады», – дейді заңгер Қуат Ауғанбек.
Желіде Қарағайлы ауданының тұрғындары қыздың түнде пәтерлерді аңдап, қабаттарды аралайтынын айтып, басқа видеоларды жариялаған. Кейбір жазбаларда қыздың анасы оның білімді, шетелде оқығанын, ешбір ауытқу көрмегенін жеткізген. Оқырмандар қоғамды дүрліктірген адамға психикалық сараптама жүргізу қажеттігін айтып отыр. Бұл пікірлермен заңгер де келісетінін жеткізді.
«Дегенмен, бұл адамның психикалық ауытқуы бар екені байқалады. Егер ол психиатриялық есепте тұрса, оған міндетті түрде сараптама тағайындалуы керек. Сараптама қорытындысы бойынша ол өз іс-әрекетіне жауап бере алмайды деп танылса, әкімшілік жауапкершіліктен босатылуы мүмкін. Алайда сот шешімімен оны мәжбүрлі түрде психиатриялық медициналық мекемеге ем қабылдауға жіберу мүмкіндігі бар. Бұл жағдай сталкинг ұғымына жатпайды», – дейді заңгер Қуат Ауғанбек.
Қауіп тек ер адамнан келе ме? Психологтар қоғамдағы стереотипті бұзды
Әдетте қоғамда мұндай қауіпті жағдайлар ер адамдар тарапынан болады деген түсінік қалыптасқан. Алайда мамандар бұл стереотипті бұзып отыр. Психолог Әлия Базарбайдың айтуынша, әр адам өз ойын, өз өмірін өзі бақыламаса, ішкі агрессия сыртқа шығып, мінез-құлқында көріне бастайды.
Фото: Әлия Базарбайдың Instagram парақшасынан
«Негізі еркек пен әйел деп бөлінгенімен, екеуінің де миы бірдей. Әйел де, еркек те өз ойын басқармаса, бақыламаса, психологиялық тұрғыда ауытқуларға ұшырауы мүмкін. Сондықтан адамның миында не болып жатқанын ешкім дөп басып айта алмайды. Әр адам өз ойын, өз өмірін өзі бақыламаса, ішкі агрессия сыртқа шығып, мінез-құлқында көріне бастайды. Осы тұрғыдан алғанда, әйел де қауіпті болуы мүмкін, еркек те қауіпті болуы мүмкін.
Кез келген адамның бойында жақсы да, жаман да ойлар бар. Қандай ойды таңдайтыны адамның өзіне байланысты. Кейбір адамдар жақсы ойды емес, жаман ойдың жетегінде кетеді. Соның салдарынан агрессияға беріліп, оны тек өзіне емес, айналасындағыларға да бағыттайды. Сондықтан кез келген адамның миында не болып жатқанын нақты білу мүмкін емес. Егер адам өз ойын басқара алмаса, қауіпті жағдайлар өте көп болуы мүмкін», – дейді психолог Әлия Базарбай.
Оның сөзінше, қоғамда қауіп төндіру ұғымын тек ер адамдармен байланыстыру қате түсінік. Психология тұрғысынан алғанда, ер мен әйелдің ми құрылымы мен эмоцияны өңдеу қабілеті түбегейлі айырмашылыққа ие емес.
«Қауіп төндіретін фактор жынысқа емес, адамның психоэмоциялық жағдайына, ішкі агрессияны басқару деңгейіне және өз әрекетіне жауапкершілік алу қабілетіне байланысты.
Егер адам өз ойы мен эмоциясын бақылай алмаса, ішкі агрессия жиналып, ол сыртқы ортаға қауіп төндіретін мінез-құлыққа айналуы мүмкін. Мұндай жағдайда жынысына қарамастан әйел де, ер адам да қоғам үшін қауіпті әрекеттерге баруы ықтимал. Сондықтан қауіптің алдын алу үшін мәселені жынысқа телімей, адамның психикалық саулығына, эмоциялық тұрақтылығына және дер кезінде көрсетілетін психологиялық көмекке мән беру маңызды», – дейді психолог Әлия Базарбай.
Кез келген жанжал тек физикалық күшке емес, психологиялық тұрғыдан да қауіпті болуы мүмкін. Әлеуметтік желіде тарап жатқан видеолар адамдардың қорқынышын күшейтіп, қоғамда үрей туғызады. Сондықтан мұндай жағдайларды теріс насихаттамау, құқық қорғау органдарына хабар беру және психологиялық сараптаманы қарастыру маңызды. Қауіп тек жынысқа емес, адамның өз іс-әрекеті мен эмоциясын басқару қабілетіне байланысты туындайтынын ұмытпау қажет.
Ақбота Мұсабекқызы
