Фото: ашық дереккөз
Шымкенттегі №59 «Айша» мемлекеттік бөбекжайында тәрбиеші балаларды инемен қорқытып, ұйқыға жатқызған, деп хабарлайды Ult.kz.
Әлеуметтік желіде балабақшаның жатын бөлмесіндегі камерадан түсірілген видео жариялады. Видеодан тәрбиешінің балаларды шприцпен қорқытып, ұйықтатып жатқанын көруге болады.
Видеодағы балаларға қатыгездік танытқанын көрген ата-аналар ашуланып, көзіне жас алды. Олар тәрбиеші балаларды инемен қорқытып, психологиялық жарақат салды деп шағымданды.
Оқиға бойынша жедел кеңес өткізілген. Кеңеске прокуратура, полиция, қалалық білім басқармасы мен денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлері, балабақша ұжымы және ата-аналар қатысты.
Шымкент полиция департаменті ата-аналардың шағымынан кейін тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Қазір іс бойынша барлық мән-жайды толық, объективті және жан-жақты анықтау үшін жедел және кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр»,- делінген хабарламада.
