12 там, 2016 сағат 23:56

13 тамыз. Бүгін қазақстандық спортшылардан кімдер шығады?

"13 тамыз күні Рио-де Жанейродағы Олимпиада ойындарында қазақстандықтар әдеттегідей бірнеше спорт түрі бойынша сынға түседі", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Таңғы сағат 04:00-де «Риоцентро» кешенінде ауыр атлетикадан сайыстар басталмақ. Жарыс жолына 85 келіге дейінгі салмақта спортшылар шығады. Ол жерде Қазақстан намысын толағай спортышымыз Денис Ұланов қорғайтын болады. 2016 жылы сәуір айында ол ауыр атлетикадан өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанса, 2015 жылдың желтоқсан айында Грозныйда өткен халықаралық турнирде күміс медаль еншілеген еді. Ұлттық құрамада жүріп, айтулы жетістіктерге жетіп күллі әлемге аты мәшһүр болмағанмен, Денис Ұланов Алексей Нидің жасырып отырған көзірлерінің бірі болуы әбден мүмкін. 

Ал кешкі сағат 18:40-та Олимпиада стадионында жеңіл атлетика сайыстары басталады. Үш аттап секіруден құраманың майталман спортшыларының бірі, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова қатысады деп күтілуде.

Сонымен қатар Ольга Рыпакованың ізбасары Ирина Литвиненко да осы сында бақ сынайды.

20:00-де Қазақстан жанкүйерлері боксшы Олжас Сәттібаевтің өнерін тамашалай алады. Қазақстандық боксшы үшін бұл алғашқы Олимпиада, ал оның қарсыласы пуэрториколық Джевьер Синтрон Окасио Лондон Олимпиадасында ойқастаған өреннің бірі және үлкен тәжірибеге ие. Қай жеңгені Рио Ойындарының 1/8 финалына жолдама алмақ.

Біз үшін таңсық спорт түрі бар, ол - батутта секіру. «Жеке секіру» сайысы 2000 жылдан бастап Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген. Біздің елдің атынан бұл сынға шымкенттік спортшымыз Пирмаммад Әлиев шығады. Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада жолдамасын ол Рио-де-Жанейрода өткен лицензиялық турнирде жеңіп алған еді. 2015 жылдан бері спортшы Америка Құрама Штаттарында жетекші маман Дмитрий Поляруштың қол астында  дайындалуда. Қазіргі уақытта Пирмаммад еліміздің бас бапкері Сергей Вертянкиннің жетекшілігімен қатысып отыр. Олимпиадалық жарыс Астана уақытымен 23:03-те басталады. Әлиевпен қатар бұл додада әлемнің өзге де мемлекеттерінен 16 спортшы қатысады. 

Ал 13-нен 14-не ауған түні бокстан ерлер арасындағы сында 69 келіге дейін салмақ дәрежесінде Данияр Елеусінов өзінің ширек финалдық жекпе-жегін өткізеді. Басталуы сағат 03.30-да. Сонымен қатар, 91 келіге дейінгі салмақта Василий Левиттің жартылай финалдық (03.45) және 91 келіден жоғары салмақта Иван Дычконың 1/8 финалдық (04.00) жекпе-жектерін тамашалай аламыз. 

Ұлт порталы