Фото: igate.com.ua
Қазіргі таңда музыкалық талғам – жас буынның рухани дүниетанымын, көңіл күйін және заман тынысын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Әлеуметтік желілер мен музыкалық платформалар арқылы жылдам тарағандардың арасында Қазақстан жастарының ерекше қызығушылығын тудырған шығармалар бар. Осы орайда Ult.kz Қазақстандағы «Яндекс Музыка» сервисінің ТОП-5 хитін саралап, ең көп тыңдалған әндерді ұсынады.
Эндшпиль – «10»
Чарт көшін рэп орындаушы Эндшпильдің шынайы сезімге толы трегі бастайды. Бұл – жұбайына арналған музыкалық хикая. Әнде жүректі елжіретер сөздер кездеседі. «Сен маған екі әлем сыйладың» – деп, автор отбасы мен әкелік қуанышты тұспалдап жеткізеді.
ALEM – «Kuiim»
Ninety One тобының бұрынғы мүшесі Батырхан Маликов, яғни ALEM жеке шығармашылығында тың табыстарға қол жеткізуде.
«Kuiim» атты трек – заманауи дыбысталуы мен жүрекке жетер лирикасымен ерекшеленеді. Тыңдарман қауым бұл әнді жылы қабылдап, жиі тыңдалатын композициялардың біріне айналдырды.
Айқын Төлепберген – «Сүйгенім»
Қазақ эстрадасының танымал өкілі Айқын тыңдарманды ана тілінде шырқалған, жүрек тербер лирикалық әнмен қуантты.
«Сүйгенім» – шынайы махаббат пен адалдықты арқау еткен ән. Бұл туындыны әсіресе ұлттық өнерді бағалайтын жастар жиі тыңдайды.
Баста және MACAN — «Пусть Бог будет рядом с твоими планами»
Бұл дуэт – музыкалық кеңістікте күтпеген, бірақ жарқын құбылысқа айналды.
MACAN – ресейлік жас орындаушы, ал Баста – көпке танымал рэп әртіс.
17 шілдеде шыққан бұл ән қысқа уақыт ішінде тыңдармандардың жүрегінен орын тапты.
Sadraddin – «Qaragym ai»
Қазақ тіліндегі заманауи поп-музыканың жарқын өкілі Садраддин Болат бұл жолы да тыңдарманын бейжай қалдырмады.
«Qaragym ai» – нәзік сезімдерге толы, лирикалық композиция. Бұл туынды тыңдаушының жүрегіне жол тауып, көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.
Қазақ жастары қазіргі заман ағымына сай музыка тыңдай отырып, ұлттық болмысқа тән мән-мағынасы терең әндерге де ерекше көңіл бөледі. Бұл – еліміздің мәдениет пен өнер кеңістігінде оң өзгерістердің барын көрсетеді.
