Фото: Ida.kz
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров төрағалығымен автожол саласын дамытудың 2026 жылға арналған жоспарлары талқыланған кеңейтілген кеңес өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Жиынға Автомобиль жолдары комитетінің, ведомстволық ұйымдардың, өңірлік басқармалардың басшылары қатысты. Кездесуде өткен жол-құрылыс маусымының қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңнің басым бағыттары айқындалды.
2025 жылғы нәтиже: 13 мың шақырым жол қамтылды
Өткен жылы барлық жұмыс түрлерімен шамамен 13 мың шақырым жол қамтылған. Оның ішінде 6 мың шақырым жолда жұмыстар толық аяқталған:
3 мың шақырым – республикалық маңызы бар жолдар;
3 мың шақырым – жергілікті жолдар.
Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желіде 94%-ға, жергілікті желіде 91%-ға дейін жеткен.
Автожолдарда 10 мыңнан астам техника мен 25 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылып, 10 млн тоннадан астам асфальтбетон төселген. Сондай-ақ 1,2 млн тоннаға жуық жол битумы пайдаланылған.
2026 жылғы жоспар: 11 мың шақырым жоба
Биыл республикалық және жергілікті маңызы бар 11 мың шақырымнан астам жол түрлі жобалармен қамтылады. Бұл – жаңа құрылыс, реконструкция, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын қамтиды.
Мемлекет басшысының бастамасымен бірқатар стратегиялық бағыттарды іске асыру басталады. Атап айтқанда:
«Орталық – Батыс»;
«Қарағанды – Жезқазған»;
«Сарыағаш қаласын айналып өту жолы».
Бұл жобалар өңірлер арасындағы көлік байланысын нығайтып, елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.
«Е-Жолдар» жүйесі енгізіледі
Кеңесте саланы цифрландыру мәселесі де қозғалды. Қазіргі уақытта республикалық және жергілікті жолдар туралы деректерді біріктіретін «Е-Жолдар» бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.
Жүйеде «Жол паспорты», «Жол жөндеу» және «Қоғамдық бақылау» модульдері дайындалған. 2026 жылдың екінші жартысында «Талдау», «Жүргізушілерге арналған инфроорталық» және «Жағдайлық орталық» модульдерін іске қосып, жүйені пилоттық режимде енгізу жоспарланған.
Цифрландыру жолдардың жай-күйін жедел бақылауға, атқарылған жұмыстардың сапасын қадағалауға және инфрақұрылымды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Басымдықтар қандай?
Кеңес барысында Астана агломерациясын дамыту, жергілікті жол желісін жаңғырту, салалық ғылымды ілгерілету және кадр даярлау мәселелері де қаралды.
Жиын қорытындысында Мақсат Қалиақпаров сапаны қамтамасыз ету, белгіленген мерзімдерді сақтау, заманауи технологияларды енгізу және барлық жобаларды толық іске асыру негізгі басымдық болатынын атап өтті.
