24 жел, 2025 сағат 17:24

2026 жылы халықаралық қатынастар, Ресей-Украина соғысы және АҚШ-Қытай бәсекесі – саясаттанушымен сұқбат

Фото: facebook.com/Асхат Қасенғали

2026 жылы халықаралық жағдай күрделі әрі шиеленісті бола береді. Ресей-Украина соғысы толық аяқталмай, аймақтық тұрақсыздықты сақтайды. Қытай Орталық Азияда инвестициялар мен инфрақұрылым арқылы ықпалын күшейтіп, Ресейдің ықпалымен тепе-теңдікті ұстайды. АҚШ стратегиялық және экономикалық құралдар арқылы аймақтағы демократиялық мүдделерін қорғап, Ресей мен Қытайға қарсы баланс жасауды жалғастырады. Жалпы, осы орайда, Ult.kz тілшісі «2026 жылы халықаралық жағдай қалай болады?» деген мәселені саясаттанушы Асхат Қасенғалимен бірге талқылап көрді. 

– Сіздіңше, 2026 жыл халықаралық қатынастарда жаңа кезеңнің бастауы бола ма, әлде соңғы жылдардағы геосаяси шиеленістердің жалғасы ма?

Жалпы, 2026 жылы халықаралық қатынастардың жаңа кезеңінің басталуы өте қиын. Жалпы алғанда, жаңа кезеңнің қалыптасуы үшін бірнеше маңызды факторлар қажет. Егер тарихқа назар аударатын болсақ, Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан Ұлттар Лигасы жүйесін, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін орныққан екіполюсті әлемдік тәртіпті, яғни екі империя арасындағы текетірес пен «қырғи қабақ соғыс» кезеңін көреміз. Ал үшінші кезең – 1991 жылдан кейін қалыптасқан халықаралық жүйе, мұнда АҚШ гегемон держава ретінде үстемдікке ие болды.

Осылайша, бір ғасырдың ішінде халықаралық қатынастардың үш ірі кезеңінің қалыптасқанын байқаймыз. Дәл осындай жаңа әрі түбегейлі өзгерістерге толы халықаралық жүйенің пайда болуы өте күрделі үдеріс және ұзақ уақытты талап етеді.

Сондықтан 2026 жылды халықаралық қатынастардағы түбегейлі бетбұрыс кезеңі ретінде қарастыру екіталай. Дегенмен, жекелеген субъективті және объективті факторлардың әсерінен бірқатар шиеленістер мен дағдарыстарды шешуге бағытталған әрекеттерді байқауымыз мүмкін. Мысалы, Украина мен Ресей арасындағы соғысқа байланысты Батыс пен Ресей арасындағы саяси, экономикалық және идеологиялық конфронтацияны реттеуге ұмтылыс жасалуы ықтимал.

АҚШ пен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың біртіндеп қайта жандану белгілері де байқалуы мүмкін. Сондай-ақ Еуропа елдерінің Ресеймен диалогқа қайта оралуы ықтимал. Таяу Шығыста да бірқатар қақтығыстарды шешуге бағытталған бастамалар көтеріліп, бұл үдерістерге бірнеше мемлекеттердің қатысуы мүмкін.

Мысалы, мұндай бастамаларда алғашқылардың бірі болып Қазақстан арағайындық рөл атқарғанын айтуға болады. Сондықтан келіссөздер мен реттеу әрекеттерінің болуы әбден мүмкін. Алайда мұндай қадамдарды халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасты деп бағалау әлі ерте. Себебі жаңа халықаралық тәртіп дегеніміз – тек жекелеген қақтығыстарды шешуге бағытталған шағын келісімдер емес, әлдеқайда ауқымды әрі жүйелі өзгерістерді қамтиды.

Бұл өзгерістер экономикалық және саяси байланыстардың жаңа деңгейге көтерілуін талап етеді. Сол себепті 2026 жыл бұрыннан келе жатқан саяси, экономикалық және әскери текетірестерді реттеуге бағытталған әрекеттермен ерекшеленуі мүмкін, алайда оны толыққанды жаңа халықаралық қатынастар жүйесінің қалыптасу кезеңі ретінде бағалау екіталай.

– 2026 жылы Ресей–Украина соғысының негізгі сценарийлері қандай болуы мүмкін: созылмалы қақтығыс, «тоқтатылған соғыс» әлде саяси келісім бе?

Келесі жылы Украина мен Ресей арасындағы соғыстың негізгі шешілу кезеңі болуы мүмкін деген пікір айту қиын. Қазіргі таңда бұл соғыстың келісім арқылы аяқталуы немесе майдан даласында шешілуі мүмкін бе деген мәселе ашық күйінде қалып отыр.

Қазіргі жағдайға назар аударсақ, Ресейдің ұстанымы айқын. Мәскеу Украинаның төрт облысын кез келген жағдайда өз құрамының бөлігі ретінде қарастырады және бұл мәселені қайта қарауға ниетті емес. Ал Украина, өз кезегінде, өзінің заңды төрт аумағынан әскерін шығаруға келіспейді және әрбір аймағы мен елді мекені үшін қарулы қарсылықты жалғастырып отыр.

Сондықтан территория мәселесі – шешімі табылмаған, ең күрделі әрі бұлдыр сұрақ болып отыр. Қазіргі уақытта екі тараптың да территорияға қатысты позициялары түйіспей тұр. Егер осы мәселе бойынша ортақ шешім табылмаса, 2026 жылы әскери қақтығыстардың жалғасу ықтималдығы жоғары.

Қақтығыстың тоқтамауының негізгі себебі – тараптардың «бейбітшілік» ұғымын әртүрлі түсінуінде. Бұл жерде біз кем дегенде төрт түрлі позицияны көреміз: Ресей, Украина, АҚШ және Еуропа.

Ресей Украинаның төрт облысын өзінде қалдыруды, Қырымды толық мойындатуды және Украинаға бірқатар саяси талаптар қоюды көздейді. Атап айтқанда, Украинада сайлау өткізу, әскер санын шектеу және жалпы алғанда елдің егемендігін белгілі бір деңгейде шектеуге бағытталған талаптар ұсынылуда. Ресей осы талаптар орындалған жағдайда соғысты «әділетті аяқтау» деп бағалайды.

Алайда бұл – Ресейдің көзқарасы. Украина үшін мұндай шарттар мүлде қабылданбайды. Украина өз территориясының тұтастығын сақтауды, ешқандай әскери немесе экономикалық шектеулерге ұшырамауды және саяси тәуелсіздігін толық қорғауды талап етеді. Украина үшін соғысты әділетті түрде тоқтату дегеніміз – дәл осы талаптардың орындалуы.

АҚШ үшін қазіргі кезеңдегі басты мақсат – тараптардың ұстанымына қарамастан, соғысты тоқтатуға бағытталған үдерістерді ілгерілету. Ал Еуропа үшін соғысты тоқтату маңызды болғанымен, бұл үдеріс Ресейдің риторикасына емес, Украина позициясына барынша жақын форматта жүзеге асқанын қалайды.

Осылайша, төрт тараптың бейбітшілікке, қауіпсіздікке және соғысты тоқтатуға қатысты көзқарастары әртүрлі болып отыр. Бұл жағдай келіссөздер жүргізу барысында ортақ мәмілеге келуді қиындатады. Егер 2026 жылы бұл позициялардың бір-біріне жақындауы байқалмаса, әсіресе Ресей мен Украинаның территория мәселесіндегі ұстанымдары өзгермесе, соғыстың жалғасуы әбден мүмкін.

Ең көп дегенде, ұрыс қимылдарын уақытша тоқтату форматына ғана қол жеткізу ықтималдығы бар. Ал толыққанды бейбіт келісімге қол қою – өте күрделі мәселе. Себебі Украина үшін мұндай келісімге бару қазіргі оккупацияланған аумақтарды де-факто Ресейге мойындаумен тең болар еді, ал Киев бұған бармайды.

Сондықтан ең ықтимал сценарий – майдандағы ұрыс қимылдарының тоқтауы, бірақ соғыстың ресми түрде аяқталмауы. Бұл жағдай Корей соғысының форматына ұқсас болуы мүмкін. 1953 жылдан бері Корей түбегінде бейбіт келісімге қол қойылмаған, тек қана атысты тоқтату жөніндегі келісім бар. Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс та осындай форматта реттелуі мүмкін және бұл сценарийдің жүзеге асу ықтималдығы жоғары.

– Соғыс нәтижесіне қарай Ресейдің әлемдік саясаттағы рөлі қалай өзгеруі мүмкін? Ол толық оқшауланған елге айнала ма, әлде жаңа одақтар арқылы ықпалын сақтай ма?

Ресей бұл соғысты бастаған сәтте стратегиялық тұрғыдан өте көп мәселеде қателікке жол берді. Ресейдің бастапқы жоспары бойынша Украинадағы соғыс қысқа мерзімде, шамамен бір айдың ішінде аяқталуы тиіс еді. Мәскеудің сценарийіне сәйкес, Украинада билік ауысып, Ресейге жақын үкімет орнауы керек болатын. Алайда іс жүзінде бұл жоспарлар жүзеге аспады, ал майдандағы қақтығыстар ұзаққа созылды.

Осының салдарынан Ресей өзінің экономикалық, саяси және әскери ресурстарының басым бөлігін Украина бағытында шоғырландыруға мәжбүр болды. Бұл өз кезегінде Ресейдің бірқатар стратегиялық ұпайларынан айырылуына алып келді.

Біріншіден, Ресей Таяу Шығыстағы ықпалынан айырылып қалды деуге болады. Ресейдің бұл аймақтағы негізгі тіректерінің бірі Сирия және Башар Асад режимі еді. Алайда Ресей Асад режимін толық сақтап қала алмады. Бұған Украинадағы соғыс тікелей әсер етті, себебі Ресей үшін екі майданда бірдей соғыс жүргізу ресурстық тұрғыдан аса қиынға соқты.

Екіншіден, Ресей Кавказ аймағындағы позицияларынан да айырыла бастады. Қазіргі таңда Армения мен Әзербайжан арасындағы келіссөздердің негізгі архитектурасын Ресей емес, АҚШ қалыптастырып отыр. Зангезур дәлізіне қатысты экономикалық байланыстар мәселесінде де Мәскеудің емес, Вашингтонның ықпалы күшейді. Бұл бағытта белгілі бір келісімдерге қол қойылғаны да белгілі.

Сонымен қатар, Ресейдің Украина майданында ұзақ уақыт бойы «тұрып қалуы» Арменияның сыртқы саяси бағдарын өзгертуге итермеледі. Армения соңғы уақытта Еуропалық бағытқа бет бұрғанын ашық көрсетіп отыр. Ол Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының (ҰҚШҰ) жиындарына қатысудан бас тартып келеді. Бұдан бөлек, Әзербайжан аумағында орналасқан Ресейдің бітімгерлік күштері де аймақтан шығарылды. Яғни, Ресей Кавказдағы ықпалынан айтарлықтай айырылды.

Үшіншіден, Ресей Африкадағы ресурстық және әскери ықпалын да әлсіретіп алды. Бұған дейін Ресей Африка елдеріндегі бірқатар режимдерді жекеменшік әскери компаниялар арқылы қолдап келген болатын. Алдымен «Вагнер» тобы, кейін «Африка корпусы» арқылы экономикалық және әскери ықпалын арттыруға тырысты. Алайда қазіргі таңда бұл бағытта да Ресейдің сәтсіздіктері көбейіп келеді.

Алайда Ресей үшін ең үлкен стратегиялық жоғалту – Еуропадан айырылуы. Соғысты бастағаннан кейін Ресей Еуропалық нарықтан толық дерлік шеттетілді. Ресей бюджетінің негізгі табысы мұнай мен газ экспортынан түсетіні белгілі, әсіресе газдың үлесі жоғары. Ал Ресей 500 миллионға жуық тұтынушысы бар аса бай еуропалық нарықтан айырылды.

Соғысқа дейін Ресей Еуропаға газ сату арқылы жыл сайын жүздеген миллиард доллар табыс тапқан еді. Қазіргі таңда Еуропа ресейлік газдан бас тартып, оның орнына Таяу Шығыс елдерінен және ең алдымен АҚШ-тан газ импорттауға көшті. Нәтижесінде Ресей өзінің ең табысты нарығынан айырылды.

Ресей мұнай мен газды Үндістан мен Қытайға сатуға тырысқанымен, бұл нарықтар Еуропаның орнын толық алмастыра алмайды. Себебі Ресей бұл елдерге ресурстарын үлкен жеңілдіктермен, яғни дисконтпен сатуға мәжбүр. Осылайша, Ресей жоғары төлем қабілеті бар еуропалық нарықты жоғалтты деуге толық негіз бар.

Сонымен қатар, Ресей қару-жарақ экспорты саласында да беделінен айырылды. Қазіргі таңда оның орнын Түркия, Франция және басқа да еуропалық мемлекеттердің әскери-өнеркәсіптік компаниялары басып жатыр. Ресей бұл соғысты бастау арқылы Еуропада милитаризация үдерісінің күшеюіне өзі түрткі болды.

Еуропа елдері қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны арттырып, әскери өндірісті кеңейтуге көшті. Бұл өз кезегінде әлемдік қару-жарақ нарығында Ресейге бәсекелес компаниялардың көбеюіне әкелді. Ал Ресей өндірген қарудың басым бөлігін Украинадағы соғысқа бағыттағандықтан, көптеген мемлекеттер Мәскеумен жасалған келісімдерден бас тартып, басқа елдермен әріптестік орната бастады.

Қорытындылай келе, Ресей стратегиялық тұрғыдан елеулі шығындарға ұшырады. Украинадағы төрт облыстың бір бөлігін бақылауға алуға ұмтылғанымен, Ресейдің әлемдік саяси, экономикалық және әскери позициялары әлсіреп отыр. Соғыс қалай аяқталса да, Ресей дипломатиялық оқшаулануға ұшыраған, стратегиялық ұпайларын айтарлықтай жоғалтқан мемлекет ретінде қалып отыр.

Сондықтан Ресей бұл соғысты аяқтаған жағдайда белгілі бір аумақтарды уақытша бақылауда ұстауы мүмкін, алайда геосаяси және стратегиялық тұрғыдан ол өте көп мүмкіндіктерінен айырылды деп айтуға толық негіз бар.

– Украина 2026 жылы Батыс үшін қандай геосаяси мәнге ие болады? Бұл ел ұзақмерзімді стратегиялық серіктеске айнала ала ма?

2026 жылдан бастап және одан кейінгі жылдарда Украина Еуропа үшін маңызды стратегиялық аймақ болып қала береді. Соғыстан кейінгі кезеңнен соң Еуропа Украинаға айтарлықтай инвестиция құйып, оны идеологиялық, саяси және экономикалық тұрғыдан қолдауды жалғастырады. Себебі Еуропа мұнда тек қана Киевтің тәуелсіздігін қолдап жатқан жоқ, ол сондай-ақ өз аймағындағы халықаралық құқық жүйесіне қарсы Ресейдің агрессиясына жауап беруде.

Сондықтан Украина Еуропа үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды елге айналып отыр, және алдағы жылдары бұл рөл арта береді. Мысалы, Украина Еуропалық Одаққа қосылу мәселесі көтеріліп жатыр. Егер бейбіт келісім жасалып, Киев белгілі бір экономикалық және құқықтық реформаларды жүзеге асырса, Украинаны жылдам арада Еуропалық Одаққа қабылдау мәселесі нақты қозғалысқа түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда Украина үшін бұл үлкен стратегиялық пайда болады.

Әрине, Украинаны Еуропалық Одаққа қосуға қарсы тараптар да бар, мысалы Венгрия сияқты мемлекеттер. Алайда бұл мәселеде Еуропаның бірлігі маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, АҚШ-тың позициясы шешуші: егер Вашингтон Украинаның Еуропалық Одаққа қосылуын бейбіт келісімнің негізгі шарты деп көрсетсе, онда ол қарсы мемлекеттерді келісімге көндіру үшін дипломатиялық қысым қолдана алады.

Сондықтан Украина үшін Еуропа қаншалықты маңызды болса, Еуропа үшін де Украина соншалықты маңызды. 2026 жылы бұл қолдаудың нақты көрінісі ретінде Еуропалық Одақ Украинаға 90 миллиард евро көлемінде қаржылай көмек беру мәселесін мақұлдады. Бұл несие Ресейден алынатын репарациялар арқылы жабылуы мүмкін. Егер Ресей мұндай репарация төлеуден бас тартса, онда Еуропадағы Ресей активтері осы мақсатқа жұмсалады.

Сондай-ақ 2026 жылдан бастап Украинаға әскери қолдау көрсетілуі де жалғасады. Бұл тұрғыдан қарағанда, Еуропа мен АҚШ Украинаны қаржылай және әскери тұрғыдан қолдауды жалғастыра беретін сигналдарын нақты көрсетіп отыр.

Осылайша, Украина мен Еуропа арасындағы стратегиялық байланыс тек экономикалық немесе дипломатиялық деңгейде ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздік және әскери қолдау тұрғысынан да нығая түседі.

– АҚШ–Қытай стратегиялық текетіресі әскери қақтығысқа ұласу қаупін арттыра ма, әлде бұл «суық соғыстың» жаңа формасы ма?

Америка Құрама Штаттары мен Қытай арасындағы текетірес стратегиялық тұрғыдан бұрынғы Кеңес Одағы мен АҚШ арасындағы бәсекелестікке ұқсайды. Алайда бұл тек әскери немесе экономикалық бәсекелестікпен шектелмейді. Бұл – ғылым, ғарыш кеңістігі, жасанды интеллект, цифрлық даму, экономика, технология және әлемдік ықпал аймақтарын бөлісу сияқты барлық саланы қамтитын кешенді текетірес.

Сондықтан АҚШ пен Қытай арасындағы стратегиялық бәсекелестікті тікелей әскери қақтығысқа қарағанда «қырғи қабақ соғыс» форматына жақын деп сипаттауға болады. Қазіргі уақытқа дейін Қытай ірі халықаралық қақтығыстарға тікелей әскери түрде араласқан жоқ.

Мысалы, біз Ресейдің тікелей әскери қақтығыстарға қатысқанын көрдік, АҚШтың да әскери операцияларға араласқанын білеміз. Ал Қытай әлемдегі екінші экономикаға айналып, әскери әлеуетін күшейтіп отырғанымен, тікелей соғысқа барудан бас тартып келеді. Қытайдың негізгі стратегиясы – экономикалық жобалар арқылы өз ықпалын кеңейту.

Дегенмен, АҚШ Қытайдың осы стратегиясына қарсы әрекеттерді қазірдің өзінде жүзеге асырып жатыр. Бірінші бағыт – Қытайдың негізгі сауда жолдарын шектеу. Соның бірі – Панама каналы. АҚШ бұл аймақтағы ықпалын қайта күшейтуге тырысып, Панама билігімен жаңа келісімдер жүргізуде. Себебі соңғы жылдары Қытай Панама каналы маңындағы порттар мен логистикалық инфрақұрылымда өз ықпалын арттырған еді.

Екінші маңызды бағыт – Венесуэла. Қазіргі таңда АҚШтың Венесуэладағы Мадуро билігіне қарсы қысымы күшейіп отыр. Бұл тек Венесуэлаға бағытталған саясат емес, сонымен қатар Латын Америкасындағы Қытай ықпалына қарсы жасалып жатқан қадам ретінде қарастырылуы керек. Себебі Венесуэла мұнайының негізгі бөлігі Қытайға экспортталады.

АҚШ Қытайды арзан әрі тұрақты энергия көздерінен айыруға ұмтылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Венесуэлаға және Иранға жасалып отырған қысымдарды Қытайға қарсы бағытталған кең ауқымды стратегияның бір бөлігі деп түсіндіруге болады. Әрине, АҚШ пен Иран арасындағы идеологиялық және саяси текетірес бұрыннан бар, алайда қазіргі жағдайда бұл қақтығыстың Қытай факторымен де байланысы күшейе түсті.

Осылайша, АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекелестік тікелей әскери қақтығысқа емес, бірбірінің ықпал аймақтарына қысым жасау, экономикалық мүмкіндіктерін шектеу және геосаяси позицияларын әлсірету формасында өрбіп отыр.

Бұған дейін Дональд Трамптың алғашқы президенттік кезеңінде Қытайға қарсы жоғары кедендік баж салығы енгізілгенін көрдік. Бұл да Қытайдың экономикалық күшеюін тежеуге бағытталған қадам еді.

Сонымен қатар, Қытай АҚШ ықпалы әлсіреген аймақтарға белсенді түрде еніп жатыр. Мысалы, АҚШ кейбір гуманитарлық және даму бағдарламаларын қысқартқан кезде, Қытай сол бағдарламалардың баламасын ұсынып, Африка мен ОңтүстікШығыс Азия елдерінде өз ықпалын арттыра бастады.

Қорытындылай келе, АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес тікелей соғысқа емес, ықпал аймақтары үшін күреске, экономикалық және технологиялық бәсекеге негізделген ұзақ мерзімді стратегиялық қарсыластық сипатында дамып отыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан

Ақбота Мұсабекқызы