28 сәу, 2024 сағат 12:36

Синоптиктер ауа райының құбылуын болжап отыр


“Қазгидромет” РМК  баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова бүгін өңірлерде ауа райы қалай құбылатынын баяндады деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".


"Атмосфералық фронтальды бөлімдермен ҚР солтүстік және оңтүстік өңірлерінде тұрақсыз ауа-райы күтіледі, найзағаймен жаңбыр жауады, оңтүстіктің, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын, оңтүстік-шығыста кей уақыттарда қатты жауын-шашын жауады. Еліміздің батысына, шығысына, орталығына антициклон әсер етеді, онымен жауын-шашынсыз ауа-райы күтіледі. Республика бойынша желдің күшеюі, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында бұршақ, оңтүстігінде дауыл, шаңды дауыл, оңтүстік-шығысында тұман күтіледі", -деді Алина Исмағұлова.


Сонымен қатар, Жамбыл облысының түнде шығысында, таулы аудандарында 2 градус үсік күтіледі екен. Маңғыстау облысының басым бөлігінде, Қызылорда облысының орталығында, оңтүстігінде, Түркістан облысының солтүстігінде, Атырау облысының оңтүстігінде жоғары өрт қауіпі сақталады, Жетісу облысының солтүстігінде, Абай, Қарағанды облыстарының оңтүстігінде жоғары өрт қауіпі күтілетін көрінеді.