20 қыр, 2016 сағат 12:20

376 мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа алдық – Д. Абаев

Сәуір айында құрылған "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясына 376 мүмкіндігі шектеулі отандасымыз жұмысқа тұрды.Бұл туралы Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының басшылық құрамын оңтайландыру нәтижесінде 109-дан 52-ге азайды. Сондай-ақ 126 ғимарат оңтайландырылды.Қызмет көрсету дирекциясы, Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы, Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті теxникалық тексеру дирекциясы атты үш бөлімше құрылды. Тағы бір жақсы жаңалық, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына 376 мүмкіндігі шектеулі отандасымыз жұмысқа тұрды.Ал 703 қызметкерді оқыттық. Бұл тәжірибе жалғаса береді. Жыл сайын мүмкіндігі шектеулі 10 адамды жұмысқа алып отырамыз», - дейді Д.Абаев.

Министрдің айтуынша, алдағы уақытта Шымкент қаласында Қазақстан бойынша 12-ші мамандандырылған xалыққа қызмет көрстеу орталығы ашылады. Мемлекеттік жеке әріптестік үлгісі бойынша қалған облыстарда да мамандандырылған xалыққа қызмет көрстеу орталығын салу қарастырылуда екен.

«Ел дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі - халыққа сапалы қызмет көрсету. Қазіргі күні жүргізіліп жатқан әкімшілік реформалардың да көздегені – азаматтардың құқықтары мен мүдделерін ескеретін мемлекеттік басқарудың сапалы моделін құру екені белгілі. Осыған байланысты біздің алдымызда халықтың сұранысына сай мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімді жүйесін құру міндеті тұр. Жыл өткен сайын мемлекеттік қызметтерге сұраныс арта түсуде. Халықтың тарапынан айтылып жатқан сын мен ұсыныстар да бар. Біз осының барлығын ескеріп, барлық қызметтерді ыңғайлы, түсінікті әрі жедел көрсетуге күш салатын боламыз. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі осы міндетті жүзеге асыру үшін үлкен шараларды жоспарлап отыр. Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен автоматтандыру, оны халыққа барынша қолжетімді ету жұмыстарын жалғастыра береміз»,- деді министр.

Бек ТӨЛЕУОВ