17 там, 2016 сағат 10:23

45 «Алтын белгі» иегері тегін оқитын болды

ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындары жетекшілерімен мемлекеттік білім грантын ала алмай қалған 45 «Алтын белгі» иегерін тегін оқыту мүмкіндігін талқылады, деп хабарлайды Baq.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл игі бастаманы оншақты қазақстандық ЖОО ректорлары қолдап, бүгін олардың бөлгелі отырған гранттық орындарының саны да белгілі болды.

Сонымен, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – 10, Тұран университеті – 10, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті – 1, Қазақ мемлекеттік заң университеті – 15, Нархоз университеті – 3, С. Демирел атындағы университет – 2, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті - 1, Алматы менеджмент университеті – 1, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті – 2 орын бөліп отыр.

ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының мұндай бастаманы қолдап, қоғамға, жұмыс берушілер мен түлектерге көрсеткен әлеуметтік жауапкершілік үлгісі үшін алғысын білдіріп отыр. Өйткені, үздік оқып, ҰБТ барысында «Алтын белгіге» лайық жоғары білім деңгейін растаған мектеп түлектері оқуын тегін жалғастыру мүмкіндігінен айрылуы мүмкін еді. Мұндай жағдай «Алтын белгі» иелерінің бәсекелестік деңгейі жоғары, әрі мемлекеттік тапсырысы аз бөлінетін мамандықтарды таңдауынан туындап отыр.

Осылайша, биыл мемлекеттік білім грантынан қағылған 45 «Алтын белгі» иегерінің 19-ы экономикалық, 8-і – халықаралық қатынастар, 14-і – заңгерлік, 4-і – аудармашылық мамандықтарын таңдаған. Ал елімізде мемлекеттік білім гранттарының негізгі бөлігі еңбек нарығында сұранысы жоғары, ел экономикасына аса қажетті техникалық және технологиялық мамандықтарға, атап айтқанда, көлік техникасы, құрылыс, радиотехника, электроника, телекоммуникациялар, нанотехнологиялар сияқты мамандықтарға бөлініп отыр.