14 сәу, 2026 сағат 15:55

58 млн теңгені қалтаға басқан: Ақмолада мәдениет үйінің есепшісі сотталды

Фото: ашық дереккөз

Ақмола облысында 58 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған есепшіге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Прокуратура жүргізген тексеріс барысында Жақсы ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөліміне қарасты «Аудандық мәдениет үйі» МКҚК қызметінде қаржылық заңбұзушылықтар анықталған.

Атап айтқанда, мекеменің есепшісі бюджет қаражатын жүйелі түрде өзінің жеке банктік шотына заңсыз аударып отырған. Келтірілген шығын көлемі 58 млн теңгеден асқан.

Аталған дерек бойынша аудан прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағы (сеніп тапсырылған мүлікті ірі мөлшерде жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, іс сотқа жолданды.

Сот үкімімен есепші 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес, жаза өтеу 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында 3 млрд теңге көлеміндегі субсидияны жымқыру ісі бойынша да сот үкімі шыққан болатын.