Фото: gov.kz
Алматыда немере інісіне қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деп айыпталған 35 жастағы ер адам сот шешімімен ақталды. Алайда жәбірленуші тарап бұл үкіммен келіспей, істі қайта қарауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Ult.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Айыптау материалдарына сәйкес, күдікті 2022–2025 жылдар аралығында кәмелетке толмаған балаға бірнеше рет зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған болуы мүмкін деген дерек келтірілген. Бала туыстарының айтуынша, ол 17 ақпанға қараған түні үйден қашып келіп, зорлық фактілері туралы алғаш рет хабарлаған.
Тергеу барысында жәбірленуші де, оның кәмелетке толмаған қарындасы да сотта жауап берген. Олардың айтуынша, айыпталушы тарапынан қорқыту мен қысым болған. Алайда ер адам өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, ол уақытта басқа өңірлерде жұмыс істегенін мәлімдеді.
Сот процесі барысында тараптар ұсынған дәлелдемелер бір-біріне қайшы келген. Сараптама нәтижелері баладан дене жарақатын анықтамаған, сондай-ақ ДНҚ іздері де табылмаған. Сонымен қатар сараптама оның психикалық жағдайы іс-әрекетті түсінуге қабілетті екенін көрсеткен.
Осыған байланысты Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2025 жылғы 29 желтоқсанда ер адамды кінәсіз деп танып, қылмыстық құрамның дәлелденбеуіне байланысты ақтау үкімін шығарды.
Ер адам сот залынан босатылып, заңсыз қудалау үшін өтемақы талап ету құқығына ие болды.
Алайда жәбірленуші тарап сот шешімімен келіспейді. Олардың айтуынша, айыпталушының туыстары қысым көрсетіп, арызды қайтарып алуға мәжбүрлемек болған. Сондай-ақ істі қоғамдық деңгейде ықпал ету арқылы бұрмалауға әрекет жасалғаны айтылды.
Туыстары апелляциялық шағымды қарау процесінің кешігуіне де алаңдаушылық білдіруде. Олар сот шешімін қайта қарауды талап етіп отыр.
Алматы қаласының прокуратурасы ақтау үкімімен келіспей, апелляциялық өтініш бергенін растады. Іс қалалық соттың қарауында.
