14 сәу, 2026 сағат 17:32

Миллиардтаған шығын: «ҚазТемірТранс» топ-менеджеріне халықаралық іздеу жарияланды

 Фото: qamqor.gov.kz

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі «ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті А.А. Капеновке қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және ірі көлемде қаражат жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, ол қызметтік жағдайын пайдаланып, жүк вагондарын басқару қызметтерін көрсету барысында өзіне байланысы бар компанияларға заңсыз артықшылықтар берген. Нәтижесінде «ҚазТемірТранс» АҚ-ға 5,2 миллиард теңгеден астам залал келтірілген.

Аталған күдіктіге қатысты халықаралық іздеу жарияланған. Сот санкциясымен оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Залалды өтеу және заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару мақсатында Бас көлік прокуратурасы «Достық» станциясындағы терминалды сотқа дейін тәркілеу туралы өтініш берген. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен бұл мүлік мемлекет кірісіне өткізілді.

Сонымен қатар, бұрын «Қазтеміртранс» АҚ-ның Алматы филиалы директорының ұсталуына қатысты да түсініктеме берілген. Ал компанияның бұрынғы топ-менеджері Д. Әлмусинге халықаралық іздеу жарияланған.

Тергеу амалдары жалғасуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.