13 нау, 2026 сағат 13:25

Адамның атын ауыстыру: Заң мен салтқа қайшы келе ме?


Қазақстанда жыл сайын шамамен 12 мыңға жуық азамат аты-жөнін өзгертеді. Бұл үдеріс «Неке және отбасы туралы» кодекспен реттеледі және белгілі бір заңдық негіздерге сүйенеді. Алайда есім өзгерту тек құқықтық мәселе ғана емес, ол – адамның рухани болмысы, ұлттық танымы мен жеке таңдауының көрінісі.

Көпшілікті толғандыратын сұрақтың бірі – азан шақырып қойылған атты өзгертуге бола ма? Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ономастика мамандарының айтуынша, азаматтар есімін бірнеше себеппен өзгертеді. Ең жиі кездесетін себеп – құжаттағы ат пен азан атының сәйкес келмеуі.

Мысалы, азан шақырғанда Мұхаммед деп қойылған есім құжатта Мухамед, Магомед немесе тіпті Михаил болып жазылып кеткен жағдайлар бар. Мұндай айырмашылықтар адамға психологиялық және рухани тұрғыда әсер етеді.

Сонымен қатар:

– есімнің қате жазылуы; 
– жынысқа сәйкес келмеуі; 
– жағымсыз немесе көнерген мағынасы; 
– ұлттық үлгіге көшу ниеті сияқты факторлар да азаматтарды аты-жөнін өзгертуге итермелейді.
Тәуелсіздік жылдарында қазақы есімдерге бетбұрыс күшейді. Көпшілік аты-жөнін ұлттық дәстүрге сай өзгертуге ұмтылады. Мәселен, орысша үлгідегі аты-жөнді қазақы формаға көшіру жиі кездеседі.

Қазақстан заңнамасы азаматтарға аты-жөнін өзгертуге толық құқық береді.

– 10 жасқа дейін баланың есімі ата-анасының келісімімен өзгереді; 
– 10–16 жас аралығында баланың пікірі ескеріледі; 
– 16 жастан бастап азамат өз бетінше шешім қабылдай алады. 

Өзгеріс АХАТ органдары арқылы рәсімделеді және жаңа есім барлық ресми құжаттарға енгізіледі.

Маңыздысы – заңда «азан аты» деген ұғымға қатысты арнайы шектеу жоқ. Яғни азанмен қойылған атты өзгертуге тыйым салынбайды. Дегенмен жаңа есім тілдік, грамматикалық және мәдени нормаларға сай болуы тиіс.

Мамандар тәжірибесінде ерекше өтініштер де кездеседі. Кейбір азаматтар:

– есімін нумерологияға сүйеніп өзгерткісі келеді; 
– шетелде ыңғайлы болу үшін атын ағылшыншаға бейімдейді; 
– түсінде көргеніне байланысты есімін ауыстыруды сұрайды. 

Тіпті өз есімін «Apple» немесе «Кэтрин» деп өзгертуге ниет білдіргендер де болған. Ал кейбірі есімін өзгерткеннен кейін қайтадан бұрынғы атына оралады.

Есімін өзгерткен азаматтар кейде қоғам тарапынан түсінбеушілікке ұшырайды. Туыстары немесе айналасы «неге өзгерттің?» деген сұрақ қоюы мүмкін. Соған қарамастан, заң азаматтың жеке таңдауын қорғайды.

Мамандардың айтуынша, мұндай шешім қабылдамас бұрын кеңес алу маңызды. Өйткені есім – адамның жеке болмысы мен өзін-өзі тануына тікелей әсер ететін фактор.

Азан шақырып қойылған атты өзгертуге заңдық тұрғыдан шектеу жоқ. Алайда бұл – жай ғана құжат ауыстыру емес, адамның рухани, мәдени және жеке таңдауының көрінісі. Сондықтан мұндай қадамға бармас бұрын оның мәні мен салдарын таразылап, саналы шешім қабылдау маңызды.