27 сәу, 2025 сағат 11:29

Ерлан Қарин: «Билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме, даурықпа сөз


Фото: baq.kz

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин соңғы күндері тіл мәселесіне қатысты көтеріліп жатқан әңгімеге пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.

«Кешеден бері әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты әртүрлі пікір айтылып, қызу талқының тақырыбына айналғанын көріп отырмыз. Ой бөліскен, көзқарасты ашық білдірген дұрыс. Бірақ «билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме, даурықпа сөз. Аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден шу шығаратындай ештеңе болған жоқ. Мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы. Қазақ тілін еліміздегі этносаралық қатынас тіліне айналдыруға қатысты бағытынан айнымай, өз арнасымен тұрақты түрде жалғаса береді. Ассамблея сессиясында Президент осыны тағы да анық айтты. 
Жалпы, қазақ тілінің болашағына қатысты пессимистік ойдан арылатын уақыт жетті. Мен мұны бұрын да айтқанмын, тағы да қайталағым келеді. Керісінше, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілі – жастардың тіліне айналды. Жас ғалымдар, өнерпаздар, кәсіпкерлер ана тілімізді кеңінен қолданып, өз бағыттарында барынша дамытып жатыр. Демек «қазақ тілінің болашағы жоқ» деп айту ешқандай қисынға келмейді», – деді Мемлекеттік кеңесші.  


Бірақ бұл жерде бір нәрсені түсінуіміз керек екенін айтқан ол «мемлекеттік тілдің мәртебесі «ұр да жық» әдіспен өспейді» деді. Ерлан Қаринның пікірінше қазақ тілін қалқан етіп популистік әрекетпен айналысуға болмайды.

«Нағыз тілге жанашыр адам бұлай жасамайды. Және қазіргідей алмағайып заманда мұндай әрекеттер елдегі жағдайға зиянын тигізуі мүмкін. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру нақты жоспармен, жүйелі жұмыспен атқарылады. Сондықтан туған тіліміздің тамырын тереңдету ісін алдағы уақытта да ақыл-парасатпен атқаруға тиіспіз», – деп сөзін жалғады Е. Қарин.


Сөз соңында Ерлан Қарин бүгінде елімізде тек қазақ тіліне қатысты ғана емес, жалпы ұлттық бірегейлікті, ұлттық болмысымызды дәріптейтін ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып жатқанын, Ұлттық мерекеміз Наурыз жаңаша сипат алып, өзгеше аталып жатқанын айтты. Сондай-ақ ол:

«Ұлттық киім күнін» қоғам өте жылы қабылдады. Биыл алғаш рет өткен «Ұлттық кітап күні» де халқымызға пайдалы бастаманың бірі болмақ. Осылай бәрі бірте-бірте ретке келеді» ,  – деп қосты.


Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы ассамблеясында «Ешкім ешкімді мына тілде сөйле деп міндеттей алмайды, тілді ту еткен арандатушылар бар» деген сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, Президенттің сөзіне наразы болғандар да, жақтағандар да табылды.