15 там, 2022 сағат 14:43

Әдепсіз мінез-құлық танытқан әншілер сахнадан 5 жылға шеттетіле ме?


Сахнада әдепсіз мінез-құлық танытқан әншілерді 5 жылға дейін шеттету креативті индустрия нарығының дамуына теріс әсер етуі мүмкін. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу тәртібі және оларды ұйымдастырушылардың міндеттері Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңында қарастырылғанын, алайда бұл міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілік ұйымдастырушы мен орындаушы арасында тек азаматтық-құқықтық шартпен реттелетінін атап өтеді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды және тағы басқаларын өткізу барысында көрерменмен қарым-қатынас кезінде әртістердің әдепсіз мінез-құлық танытқаны үшін ұйымдастырушыларға жауапкершілікті қарастыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға тапсырма берілді», - деді Үкімет басшысы жауабында. 

Сонымен қатар, Премьер-Министр ұйымдастырушылардың тиісті қызметін немесе жекелеген қызмет түрлерін тоқтату және тыйым салу, сондай-ақ әншілерді 5 жылға дейін сахнадан шеттету креативті индустрия нарығының дамуына теріс әсер етуі мүмкін екендігін алға тартады. 

«Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, вандализм үшін жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі келісім бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін санкцияларды ұлғайтуды көздейтін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне заңнамалық түзетулерді әзірлеп (434-бабы), олардың шекті мөлшерлерін белгіледі: 1) 1-бөлім бойынша – 5-тен 20 АЕК-ке дейін айыппұл, сондай-ақ әкімшілік қамауға алудың ең төменгі шегі 5-тен 15 тәулікке дейін; 2) 2-бөлім бойынша – әкімшілік қамаққа алудың ең төменгі шегі 15-тен 30 тәулікке дейін», - деді Әлихан Смайылов.