16 мау, 2021 сағат 12:33

Ағылшын тілі оқулығында шет елдің идеологиясын насихаттайтын мәтіндер бар – депутат


Мәжілістің жалпы отырысында «Nur Otan» партиясы фракцияның мүшесі, депутат Мақпал Тәжмағамбетова 1-5 сыныптарға арналған ағылшын тілі оқулығындағы бірқатар мәселені көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ағылшын тілін оқытуға арналған оқулықтарға ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан оң сараптама берілген. Бұл оқулықтар «Экспресс Паблишин» баспасынан басылып шыққан. Сыртқы мұқабасында аударылған деп жазылғанмен, аударма емес. 2016 жылдан бері осы баспаның Қазақстандағы ресми өкілі «EDU Stream» компаниясы шығарып отырған. Өзгешелігі - Қазақстан балаларының суреттерін пайдаланып тақырыпты ашуға тырысқан. Сана-сезімі жаңа қалыптасып келе жатқан бүлдіршінге арналған кез келген оқулық ұлттық идеология тұрғысынан жасақталуы керек. Ал бұл кітаптардан қазақтың ұлттық ұғымына, дәстүрлі тәрбиесіне келмейтін, шетелдің идеологиясын насихаттайтын иллюстрациялар мен мәтіндерді көптеп кездестіруге болады», - деді Мақпал Тәжмағамбетова Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында. 

«Екінші сыныпқа арналған оқулықта ұлттық дәстүрдің қатарына пасха мен масленницаны енгізіпті. Мұны әрине, қазақстандық мерекелер деп көрсетсе түсінуге болады. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары деп жазылған тақырыпта шілдехана мен баланы қырқынан шығару сияқты салт-дәстүрдің жанында діни мерекелер неге жүр?», - деді депутат. 

Осы орайда оқу бағдарламасында қателіктер жіберген оқулықтарға қатысты тиісті ұсыныстар айтылды:

Біріншіден, Білім және ғылым министрлігі білім бағдарламасына енгізген аталмыш ағылшын тілі оқулықтарын қайта сараптап, жіберілген өрескел қателіктерге жауапкершілікті күшейту сұралды. 

Екіншіден, оқулық әзірлеуде оған сараптама жүргізу қағидаттарын жіті қарап, нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын білім және тәрбие компоненттерінің тұтастығы аясында күшейту қажет.

Үшіншіден, оқулық құрастыруда басшылыққа алатын Үлгілік оқу бағдарламасына сараптама жасалып, бағдарлама әзірлеуші топтың құрамын қайта қарау керек. Сараптамалық комиссия құрамына тек ағылшын тілі мұғалімдері емес, балалар психологынан бастап, суретші педагог, этнограф, қазақ тілі мамандары, әдебиетшілер тағы да басқа мамандарды енгізу керек.

Төртіншіден, оқулықты басып шығаруда шетелдік емес, өз отандық баспаларымызды қарастыру қажет. Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру кезеңінде мұндай оқулықтар Қазақстанның болашағына жауап беретін, өз Отанын қадірлейтін ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды.