26 мам, 2021 сағат 16:06

Аида Балаева «Қалаулым» бағдарламасы туралы: Халықтың талғамын көтеруіміз керек


Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның халық алдындағы есептік кездесуінде «Қалаулым» бағдарламасы неге жабылмағаны туралы сауал қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бұл енді айта-айта жауыр болған мәселе ғой. Десе де, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кез келген бағдарламаны "ұнамаса, жауып тастайтын" құзыреті жоқ. Заң бар. Сіз айтып отырған бағдарламалардың барлығы жекеменшік БАҚ-тарда жүргізіліп жатыр. Бірақ қоғамнан наразылық болғаннан кейін біз олармен сөйлесіп, нақты ұсыныстарымызды бердік», - деген ведомство басшысы мұндай бағдарламаларға қоғамның бір бөлігі наразылық білдіргенімен, тағы бір бөлігі қызығып көретінін ескертті. 

«Бүгінде «Астарлы ақиқат», «Қалаулым» деген бағдарламалар рейтингтің ең басында тұр екен. Ол дегеніміз – сұраныс бар. Халық көргеннен кейін БАҚ иесі ол бағдарламаны ешқашан жаппайды. Сондықтан біздің негізгі мақсат – министрлік пен БАҚ жұмылуымыз керек. Халықтың мәдениеті мен талғамын көтеру керек. Сол мәселелер жолға қойылса, халық ақ пен қараны айыра білсе, сондай бағдарламалардың рейтингі төмендейді», - деді министр.