Фото: Айжан Алхабек
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы
Соңғы жылдары біздің қоғамда көзге анық байқалатын өзгеріс бар. Ересек адамдардың жаттығу жасап, жаяу жүруді әдетке айналдыруы қалыпты құбылысқа айналды. Бұрын мұндай көріністерді көбіне шетелдік фильмдерден немесе Еуропа, Азия елдерінің өмір салтынан көретінбіз. Ал бүгінде өз айналамыздан жиі көретін көрініс.
Фото: Айжан Алхабек
Дәрігерлердің қарттықпен келетін түрлі аурудың алдын алу мәдениетін насихаттауы, үлкен қалалардағы инфрақұрылым дамып, саябақ, жаяу жүргінші жолдардың қолжетімділігі ересектерге оң әсер етіп, әлеуметтік желідегі пайдалы контент адамдарға қозғалыстың маңызын түсіндірді. Ал пандемия кезеңі иммунитет пен денсаулықтың маңызын еріксіз көрсетті. Қоғам емдеуге кеткен шығыннан гөрі алдын алудың тиімді екенін ұғына бастады.
Осылайша өз қарттығын немере бағумен ғана байланыстырып келген үлкендерімізде әдемі, белсенді қартаю түсінігі күшейіп келеді. Қазіргі 50–60 жастағы буын өзін әлсіз немесе қажетсіз сезінбейді. Таңғы серуен, жеңіл жүгіру, фитнес немесе скандинавиялық жүріс жүрек бұлшықетін күшейтіп, қан қысымының төмендетіп, қан айналым, холестерин деңгейін жақсартуға пайдасы зор екенін түсінді.
Пайым
Бір қуанарлығы сапалы, әдемі қарттыққа жол салған ересектер қатары күннен күнге көбеюде. Бір айыбы Шымкентте таңмен саябаққа жаттығу жасауға жиналған үлкендердің полицейлермен қуылуы. Өркениетті елдер қарияларының өзін қоғамда қажетсіз сезінбес үшін жан-жақты жағдай жасады. Біздің үлкендер еш үгіт насихатсыз өздігінен сапалы өмірге келіп жатқанда қоғам мен билік тарапынан осы өзгерісті қабылдап, қолдайтын түсінік, амалдың болуы әсте міндетті.
Динара Болат
