Фото: Pinterest
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы
Жыл сайын ата-аналардың алдында осы мектепте қаламыз ба, әлде баланы басқа мектепке ауыстырамыз ба деген таңдау тұрады. Шешімді эмоциямен емес, жан жақты бағалау арқылы қабылдаған дұрыс. Ауылда бәрі тұрақты. Мектеп саны да аз, әр сыныпта бала да аз қамтылған. Алайда қалаларда мектепке келгенде таңдау көп.
Мұндай кезде ең алдымен баланың мектептегі көңіл күйіне назар аудару керек. Мектепке барғысы келмей, көңілді баладан тұйықтық байқалса бұл бірінші белгі. Әсіресе, қысым, түсінбеушілік немесе буллинг байқалса, ортаны өзгерту туралы нақты ойлану керек.
Білім сапасы
Келесі мәселе білімнің сапасы. Ақылы мектеп, оның ішінде бағасы жоғары мектептің әрқашан білімі мықты деп санау қате пікір. Егер бала тек тапсырманы орындап, бірақ түсінбей оқыса, өз пікірін айта алмаса немесе оқуға қызығушылығы төмендей бастаса, бұл да дабыл қағарлықтай жағдай.
Мұғалімнің рөлі
Сонымен қатар мектептегі мұғалімнің рөлі өте үлкен. Мұғалімнің кәсібилігі, балаға қатынасы оның мектепке, білімге құштарлығын арттырады. Баламен байланыс орната алатын, қолдайтын ұстаз - жартылай жеңіс. Олай болмаса ойланарлық жағдай.
Қоршаған ортаның маңызы
Тағы бір маңызды нәрсе - орта. Балалар арасындағы қарым-қатынас, сыныптағы атмосфера, мектептегі құндылықтар жүйесі. Егер ортада артық бәсеке, салыстыру немесе сыртқы көрсеткіштерге қарай бөліну көп болса, бала үнемі қысым жағдайда деген сөз.
Пайым
Мектеп ауыстыру қашу емес. Мектеп ауыстыру баланың, не болмаса ата-ананың әлсіздігі емес. Егер бұл шешім баланың оңтайлы жағдайда жоғарғы деңгейде өсіп, қалыптасуына жағдай жасаса, демек таңдау бар кезде уақтылы іске асырылған саналы қадам. Ал мектептер тарапынан бір бала кетсе, орнына бес бала табылады деген бейқамдық емес, сапа арқылы ұзақмерзімді абыройға жұмыс істеген абзал.
