25 ақп, 2022 сағат 11:56

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы: Астанада халықаралық конференция басталды


Астанада Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қариннің баяндамасымен басталды. 

«Халқымыз өзінің тарихында ерекше орыны бар екі тұлғаны «Ұлт ұстазы» деп ардақтаған. Алдымен, әрине, ұлы Абайды айтамыз. Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлының есімі аталады. Алаш көсемі, қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Бұл мерейтойды ЮНЕСКО деңгейінде атап өтеміз. Тәуелсіздік ұлтымыздың жадын жаңғыртып, тарихи тамырымыздан қайтадан нәр алуымызға жол ашты. Бұл ретте ұлт ұстазының еңбегін зерделеп, оны мол мұрасын ұрпақ санасына сіңіру баршамызға ортақ міндет. Әрине, әлеуметтік желіде бүгін әлемде болып жатқан, бәріміз байқап жатқан дүрбелең оқиғалар кезінде осындай шара өткізудің қандай маңызы бар деп жатқандар бар. Бірақ қандай оқиғалар орын алса да, біз өзіміздің ұлттық күн тәртібімізден ауытқымауымыз керек», - деді Мемлекеттік хатшы. 

Оның пайымынша, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ұлттық күн тәртібінде тұрған ұлт руханияты үшін үлкен бір маңызды тақырыптардың бірі. 

«Осыдан тура бір ғасыр бұрын жұртымыз ұлт зиялыларының бастамасымен Ахаңның 50 жылдығын атап өткенін баршаңыз жақсы білесіздер. Содан бері тура бір ғасыр өтіп отыр. Бір ғасырдан кейін де Ахаң тағы да ұлтты ұйыстырып, ұлт зиялыларын бір жерге жинап отыр. Бұл да ұрпақтар сабақтастығының бір белгісі. Бүгін міне Ахаң аңсаған тәуелсіз елдің ұрпақтары оның 150 жылдық мерейтойында бас қосып отыр», - деді Ерлан Қарин. 

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында өтіп жатқан конференцияға лауазымды мемлекеттік қызметкелер, алыс-жақын шет мемлекеттердің ғалымдары, алаштанушылар, ахметтанушылар, әдебиетші ғалымдар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, депутаттар қатысып отыр. Шарада М. Қойгелдиев, Ш. Құрманбайұлы, Д. Қамзабекұлы, А. Фазылжанова, Ж. Смағұлов, Ө. Әбдиманұлы, А. Ісмақова, Ж. Жақыпов, Ш.Жалмаханов, А. Салқынбай, О. Жұбаева, Қ. Күдеринова, Б. Момынова, Ұ. Еркінбай, Т. Аитова, М. Ермұхамет, Т. Шанбай, С. Аққұлұлы, Р. Имаханбет, Қ. Сақ, А. Әбсадық, Е.Тілешов пен А. Қыдыршаев және т.б. зерттеушілер баяндама оқиды. 

Сондай-ақ «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ филологиясының мәселелері», «Ахмет Байтұрсынұлы және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар» атты секциялық отырыстар болады. 

Конференциядан кейін сағат 18.00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филормонияда «Ұлт ұстазы» атты әдеби-сазды кеш өтеді.