24 қыр, 2016 сағат 16:50

Ақмола облысында туризмді дамыту керек – Елбасы

23-09-da9_4185Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше жұмыс бабындағы сапармен Ақмола облысында болды. Елбасы сапары аясында Қазақстан Тәуелсіздігімен құрдас «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында жаңа инновациялық желі іске қосылды.

Өңірдегі кезекті іргелі жоба

Өткен жылы қолға алынған бұл жобаға 3,7 миллиард тең­ге қаржы жұмсалған және көп­теген жаңа жұмыс орнын ашу­ға мүмкіндік туған. Жаңа өн­ді­рістік желі алкогольсіз сусын дайындаудың барлық ай­на­лымында кластерлік жүйе­мен жұмыс істейді, яғни сусын­ды да­йын­дап, өз­дері жаса­ған құты­­ларға құйып, тұтыну­шы­ларға дайын өнімді үздіксіз жет­кізе­ді. Мұнда германия­лық ең соң­ғы үлгідегі құрыл­ғы­лар ор­на­тыл­ған. Жұмыстың бәрі авто­маттандырылып, ком­пьютерлік бағдарламамен бас­қарылады. Осылайша, Көк­ше өңіріндегі іргелі кәсіп­орын­ның өндірісін кеңейтетін тағы бір жаңа жобасы жұмысқа кірісті. Осының нәтижесінде өндіріс қуаты арттырылып, жаңа табыс арнасы ашылды деуге болады. Қала құраушы кәсіпорын бюджет қоржынын толықтыру арқылы әлеуметтік саланың дамуына сүбелі үлес қосатыны белгілі.

Еліміз  тәуелсіздігін ал­ған 1991 жылы құрылған кәсіп­­орында бүгінде 100-ге тарта өнім түрлері шыға­рыла­ды. Оның ішінде  соңғы 15 жыл бойы «Туран» бренді­мен («TURAN») Ресей Федера­ция­­сы­­на минералды сулар мен ал­ко­гольсіз сусындар тұ­рақты түрде жеткізіліп келе­ді. Бұл кәсіпорынның өнім түрлерін көбейтуге, сапалық көр­сеткіштерді жақсартуға ұмтыл­ды­ратыны анық. Зауыт шы­ғарған табиғи таза сусын­дар­ды еліміздің барлық өңірі­нен кездестіруге болады және тұтыну­шылар тарапынан жақ­сы бағасын алғанын айтуымыз керек. Қазіргі күні кәсіпорында экологиялық таза аймақтардан бутилденген табиғи минералды су шыға­ру бойынша Оңтүстік-Шығыс Азиядағы халықаралық маңызы бар ең үздік инно­ва­ция­лық қазақстандық кәсіп­орын­ды құруға арналған жаһан­­дық жаңғырту басталды. 2020 жыл­ға дейін табиғи минералды суды жылына 400 миллион литр­ге дейін жеткізуге мүмкін­дік беретін өндірістік қуатты арттыру жоспарланған.

Акционерлік қоғам президенті Мұрат Ахметовтің айтуынша, кәсіпорын жұмыс істеген уақыттан бері  бюджетке 50 миллиард тең­ге­­ге жуық салық төленген. Оған осын­да жұмыс істейтін 1 мың­ға жуық жұмысшының қосып отыр­ған үлесі зор. Ынтымақты ұжым ел ме­рейін еселеу жолында екпінді істері­мен таныла беретіні анық.

f76e940f5f8db367b32448755e214dc5Бірлескен кәсіпорынның  берері көп

Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары барысында ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына орай Еуразиялық эко­номикалық одақ аясындағы тұң­ғыш бірлескен жоба – Көкше­тау­дағы «Қазақстанның агроинно­вация­лық корпорациясы» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.

Еуразиялық экономикалық кеңес аясында құрылған «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларының Қазақстан-Бела­русь индустриялық-техно­логиялық паркі» инвестициялық жобасы 2012 жылы қолға алынды. Мұн­дағы мақсат – Беларусьтің ком­муналдық және ауыл шаруа­шы­­лығы салаларының озық тех­ни­ка­ларын елімізде құрас­тырып, екі ел ара­сындағы сауда-экономикалық бай­ланысты нығайту. Жобаның бірін­ші кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусьтің «Минск трактор зауыты» ашық ак­цио­нерлік қоғамы және отандық «Қазақ­стан агроинновациялық кор­по­рациясы» жауапкершілігі шек­­теулі серіктестігі бірлесіп, «МТЗ-ҚАИК» серіктестігін құрған болатын.

Сол жылы бұл жобаны Индус­трияландыру картасына енгізу ұсы­нысы облыс әкімдігінің жа­нын­дағы өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен қолдау тапты. Кейін сумен, электрмен жабдықтау, кә­різ және жылу жүйесі тәрізді инфрақұрылымды тарту мәселе­сі де оң шешілді. Жалпы, беларусь­тік компанияның Ақмола облы­сы­мен іскерлік байланысы 2010 жыл­дан бастау алады. Осы ара­лық­та 5 миллион АҚШ доллары­на 7 түрлі техниканың 500 данасы құрастырылды. Шыға­рыл­ған тех­ни­калардың бәрі – отандас­тары­мыз тарапынан сұранысқа ие ком­мунал­дық және ауыл шаруа­шы­лығы техникалары.

Бірлескен кәсіпорын шығарып жатқан тракторлардың бағасы да қолжетімді. Сапасы да техникалық талап­тарға сай. Соған орай, кәсіп­орын құрастырған техникалар тұты­ну­шылар тарапынан жақсы сұра­ныс туғызып отыр. Қазір  трак­тор­лардан бөлек, жүк көліктері мен арнайы мақсаттағы машиналардың да бірнеше түрі шығарылуда. Осылайша, кәсіпорын өндіріс көлемін жыл санап арттыра түсуде.

Жалпы, 2012 жылы басталған бұл жобаны жүзеге асыру үшін 3,4 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Қазір толыққанды жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жыл сайын 25 түрлі ауыл шаруа­шы­лығы және коммуналдық қызметке арналған техникалардың 5 мың данасын шығарады.

Мемлекет басшысы «Қазақ­стан­­ның агроинновациялық корпо­рациясы» ЖШС еңбек ұжымы­мен кездесуде жобаның маңызды­лы­ғын атап көрсетіп, атқарылып жат­қан жұмыстарға оң бағасын берді.

892d2e1c5e2b22927a61db00563184dcЕл дамуы Елбасы еңбегімен байланыстырылды

Бұдан кейін Елбасы кәсіпорын ғимаратында аудан әкімдерімен, шаруашылық басшыларымен, бизнес және зиялы қауым өкілдерімен  жүздесті.

– Құрметті ақмолалықтар, егін орағы науқаны кезінде астықты аймақтарды аралап шығатын әдетім бойынша Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында болып, егін орағының барысымен, аймақтардың тыныс-тіршілігімен таныстым, деп сөз бастаған Қа­зақ­стан Президенті биыл атап өтіл­гелі отырған Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дығы қарсаңында еліміздің өткен даму жолдарына шолу жасады.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жыл­дарында дүкен сөрелері босап, өндіріс тоқтап қалған ауыр кезеңде енді не істейміз, қалай дамимыз деген мәселе алда тұрған сәтте қиын­­дықтан шығар жол іздеп, жедел жекешелендіру жұмыстарын жүр­­гізіп, нарық талабына сай жұ­мыс жолға қойылды, деді Елбасы. 2000 жылдан бастап өнді­ріс өрге басып, даму жолына түстік. Міне, осы тұста Ұлт­тық қор құрылған еді. Кейін әлем­дік дағдарыстар жағадан алған қиын кезеңдерде сол қордың арқа­сында қиындықтардан шыға алдық. Халықтың тұрмыс жағ­д­айы жақсарып, жалақы, зей­нет­ақы деңгейі өсті. Жаңа өндіріс орындары көптеп ашылып, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласы қарқынды дамуға бағыт алды. Біз әлеуметтік саясатқа беріктігімізді дәлелдеп келеміз.

Тәуелсіздік жылдарында еліміз­ге сырттан 250 миллиард доллар ин­вестиция тартылды. Оның бәрі де еліміздің экономикасын дамытуға елеулі серпін бергені анық. Қазір Қазақстанның алтын валюта қоры 95 миллиард долларға жетіп отыр. Тәуелсіздік жылдарында елі­міз­де алты мыңнан астам жаңа кәсіп­орын іске қосылды.

Мемлекет басшысы еліміз­дің теңізге шығар жолы болмаған­дық­­тан, басқа елдермен сауда бай­ла­ны­сына, ал ол өз кезегінде өнді­рісі­міздің дамуына кері әсерін тигіз­генін, осы орайда тығырықтан шығар жол ретінде автокөлік және темір жол байланысын дамытуға жете көңіл бөлінгендігін атап өтті. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жылдарда екі мың шақырымдай темір жол және бес мың шақырым авто­көлік жолы салынған. Қазір Қазақ­стан автокөлік және темір жол өтетін транзитті ел болып отыр. Мұның өзі сауда қатынастарын дамытуға игі ықпалын тигізуде.

Одан әрі Мемлекет басшысы астаналық облыс саналатын Ақ­мола облысының қазіргі даму жайы­на тоқталып, соңғы жылдарда облыс шаруашылықтарының 10 мыңдай шетелдік техниканы сатып алғандығын, өнімділігі жоғары техникалардың арқасында егін шаруашылығының айтарлықтай дамып отырғанын тілге тиек етті. Бұрын орақ кезінде жан-жақтан мың­даған адам мен техника ауыл­дарға көмекке ағылатын, ал қазір әр шаруашылық өз астығын ың-шыңсыз қысқа мерзімде жинап алады. Өйткені, алымдылығы жоғары шетелдік техникалары бар, деді Елбасы.

Бүгінде әлемдегі астықты экс­порт­қа шығаратын үздік он елдің санатына кіретін Қазақстан асты­ғы­ның төрттен бірін өндіретін Ақмола облысында соңғы жыл­дар­да өнеркәсіп саласы да қарқын­ды дамып келеді. Мемлекет бас­шы­сы тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктер жайлы айта келе, мұның бәрі өздігінен келме­гендігін, оны жасауға барша қазақ­стандықтар өз үлесін қосқандығын көлденең тартты.

Қазақстан Президенті облыс­ты экономикалық тұрғыдан әрта­рап­тандырудың басты қайнар көзі аграрлық сектор екенін атап өтті.  Астананың бір ғана азық-түлік белдеуі аясында 100-ден ас­там жобаны жүзеге асыру үшін 85 миллиард теңгеге жуық инвес­тиция тартылды. Соңғы 15 жылда 10 мыңнан астам жаңа трактор, астық жинайтын комбайн мен егін егетін кешен сатып алынды, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы өңірдің туристік саласын дамыту қажеттігін атап айтты. Жыл сайын облысқа жүз мыңнан астам турист келеді, оған Шортанды-Бурабай курортты аймағына мемлекеттік қолдау көрсетілгені де септігін тигізіп отыр. Келер жылы жазда Астанада маңызды тарихи шара – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтеді. Оған 100-ден астам елдің өкілдері қатысады. Олардың көбі Астанаға ғана емес, осы өңірдің туристік нысандарын да тамашалауға келеді, деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назар­баев жиналған қауымды ел Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, отбасының амандық-саулығы мен жаңа табыс және бақ-береке тіледі.

Бұдан кейін облыс әкімі Сергей Кулагин аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуы жайында баяндап берді.

Ал Социалистік Еңбек Ерлері Аршалы ауданындағы «Ижевский» өндірістік бірлестігінің директоры Ибрагим Жанғоразов пен Зеренді ауданындағы «Жаңа ауыл» шаруа қожалығының үйлестірушісі Сар­тай Жұмағалиев, бокстан әлем чем­пионы Дина Жоламан сөз сөйлеп, Тәуелсіздік табыстарын Елбасының ерен еңбегімен байланыстырды.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы