17 мам, 2022 сағат 17:02

АҚШ Қаржы министрі: Ресейге қарсы санкциялар Екінші дүниежүзілік соғыстағы санкциялармен тең


Дүйсенбі күні АҚШ-тың қаржы министрі Джаннет Йеллен Ресей Орталық банкінің бұғатталған активтері мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік Германия басып алған елдерге салынған санкцияларды салыстырды. Бұл жөнінде Reuters ақпарат агенттігі хабарлады, деп хабарлайды Азаттық.

Варшавадағы Польша еврейлеріне арналған музейде сөйлеген Йеллен 1940 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Франклин Рузвельттің Норвегия мен Данияның активтеріне салған санкциясын еске алды. Бұл шара Германия жаулаған елдердің шетел банктеріндегі қаржысын пайдалануға жол бермеу үшін жасалған.

Йелленнің сөзінше, өткен кезеңнің сабақтары Ресейге қарсы тұруға арналған стратегияны жасау кезінде пайдалы болған.

"Тиранияға қарсы қолдағы барлық құралдарымызды падалануымыз керек. Өткен тәжірибе бүгін де пайдалы... Біз Ресейді жауапқа тартуға және Украинаға қолдау көрсетуге мейлінше ынталы болып отырмыз" деді Йеллен.

Ресей әскері Украинаға басып кірген соң АҚШ пен Еуропа одағы Ресей банкінің активтерін бұғаттап, Ресейдің алтын валюта қорының үштен екісіне жуығына Ресей үкіметінің қолы жетпестей еткен.

Ресейге салынған санкциялардың мақсаты – Ресейді Украинада соғыс жүргізу мүмкіндігінен айыру. Владимир Путиннің айналасындағылар мен Ресей үкіметімен тығыз байланыстағы миллиардерлерге де қаржы-экономикалық санкция салынған.