Фото: ашық дереккөз
Ақтау қаласында жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру арқылы мемлекеттік төлемдерді заңсыз алған алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.
Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті тергеген. Тергеу мәліметінше, бухгалтер өзінің кәсіби білімін пайдаланып, жүкті әйелдерге арналған әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемасын ұйымдастырған.
Ол Instagram әлеуметтік желісі арқылы өзін әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу жөніндегі маман ретінде таныстырып, жәрдемақы көлемін көбейтіп беруге уәде еткен. Схеманы іске асыру үшін күдікті туыстары мен таныстарының атына нақты қызмет жүргізбеген бірнеше жеке кәсіпкерлікті тіркеген.
Электрондық цифрлық қолтаңбаларды пайдалана отырып, бухгалтер жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар, еңбек шарттары мен есеп құжаттарын әзірлеген. Осылайша, заңды еңбек қатынастары бар деген жалған көрініс қалыптастырылған.
Жалған мәліметтердің негізінде уәкілетті органдар жәрдемақыларды негізсіз жоғары мөлшерде тағайындаған. Кейбір кәсіпкерлер төлемдерді алған соң, бұрын аударылған зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды кері қайтаруды рәсімдеген.
Нәтижесінде мемлекетке 146 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған үш бөлмелі пәтерге тергеу барысында тыйым салынды.
Сот үкімімен айыпталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Пәтер мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.
