02 сәу, 2026 сағат 11:16

Украинада қазақстандықтарды алдап келген алаяқтардың call-орталықтар желісі әшкереленді

Фото: Polisia.kz

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Украина Ұлттық полициясының Қылмыстық іздестіру департаменті және екі елдің Бас прокуратураларымен бірлесіп жүргізген ауқымды арнайы операция нәтижесінде Украина аумағында әрекет еткен трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың call-орталықтары жойылды, деп хабарлайды Ult.kz.

31 наурыз күні Днепр қаласында Қазақстан, Украина және Еуропалық одақ елдерінің азаматтарына қарсы интернет-алаяқтық жасаған үш call-орталықтың қызметі тоқтатылды. ҚР ІІМ-нің жедел әрекет етуінің арқасында ауыр зардаптардың алдын алу мүмкін болды.

Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелерінің ұзақ уақыт бойы жалған инвестициялық компаниялардың қызметкерлері ретінде әрекет еткені анықталды. Олар азаматтарды алдап, жеке деректеріне, жеке кабинеттері мен банк шоттарына қол жеткізіп, ақшасы мен цифрлық активтерін иемденген.

Сонымен қатар, романтикалық таныстық арқылы алдау және криптовалютаға жалған инвестиция ұсыну сияқты схемалар қолданылған. Қаскөйлер танымал инвестициялық платформалар мен криптобиржаларды имитациялайтын фишингтік сайттарды пайдаланып, жәбірленушілердің активтерін толық бақылауға алған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшілері мен белсенді қатысушылары анықталды. Днепр қаласында бір мезетте 40 мекенжай бойынша тінту жүргізілді.