Фото:gov.kz
Бейсенбі, 19 наурызда Өскеменнің ауданаралық қылмыстық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты атышулы іс бойынша сот отырысы өтті, - деп хабарлайды Ult.kz YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
Күдіктіге екі бап бойынша айып тағылып отыр - "Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлға жасаған ірі көлемдегі алаяқтық" және "Лауазымды тұлғаның ірі көлемде пара алуы".
Прокурор екі эпизод бойынша айыптау актісін оқыды. Бірінші эпизод Жақсылық Омардың Өскемен әкімі болып тұрған кезеңімен байланысты.
Айыптау нұсқасы бойынша, тергеу барысында жәбірленуші деп танылған фигуранттан қала кәсіпорындарының бірінен автокөлік түрінде материалдық көмек алу үшін өтініш ресімдеу сұралған. Ол бұл өтінішті орындап, Toyota Camry 75 (2021 жылғы) көлігін алған. Оның айтуынша, ол көлікті қала әкімдігіне әкеліп, кілтін тапсырған, содан кейін көлікті көрмеген.
Кейін көлік үшінші тұлғаға қайта рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа үлгіге ауыстырылған және оны айыпталушы пайдаланған. Осылайша, жәбірленушіге 13 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген, ал Жақсылық Омарға 190-баптың 3-бөлігі 1, 2-тармақтары (ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша айып тағылды. Сот залында жәбірленуші шығын өтелгенін және ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеді.
Екінші эпизод ақпанның басында болған. Іс материалдарына сәйкес, Жақсылық Омар қала әкімдігі қызметкерлерінің бірімен кездескенде оған 20 миллион теңге әкел деген. Айыпталушының сөзінше, бұл талап емес, көбіне өтініш сипатында болған. Алайда айыптау тарапы бұл әрекетті жалпы қамқорлығы үшін пара алу деп саралады.
Әкімдік қызметкері мұндай әрекеттің заңсыздығын түсініп, ҰҚК-ге жүгінген. Арнайы қызметтің бақылауымен ол Жақсылық Омармен қайта кездесіп, соманы бөліп төлеуді ұсынған, соңғысы бұған келіскен. Сол күні үшінші тұлға арқылы күдіктіге алты миллион теңге қолма-қол ақша берілген. Ұстау кезінде күдіктінің тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан 5,6 миллион теңге табылды.
"Сотталушы кінәсін толық мойындады. Оның қорғаушылары бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолдануды сұрады. Олар туыстарының айыппұл төлеуге қажетті соманы жинап қойғанын хабарлады. Төлем қабілеттілігінің дәлелі ретінде шотта 112 миллион теңгенің бар екендігі туралы үзінді көшірме ұсынылды", - деп жазады басылым.
Қылмыстық іс бойынша келесі сот отырысы 26 наурызға белгіленді.
