11 там, 2016 сағат 13:34

Алексей Ни: Жазираға іштей қатты ренжідім

Бүгін ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері  1 күміс, бір алтын алған соң журналистерге ағынан жарылып әңгімесін айтты.

Кеше, ол тілшілерге берген сұхбатында бір алтын, бір күміс алатынын айтқан еді. Сол кезде таң қалып, таңдай қаққан болатынбыз. Айтқаны айдай келді. Алтынды да алды, күмісті  де алды.  бірақ, уәдесін орындап, айтқанына жетсе де, Жазираға іштей өкпелі екенін  де жеткізді. 

- Мен Нижатқа бас ием. Неге? Ол жеңіске жететін салмақты көтеруге дайын екенін айтты. Маған керегі осы  еді. Нижат 214 келіні жаттығу барысында көтеріп көрген емес. Ол - бүгін нағыз жауынгер болды. Тума талант әрі аса қайратты да жігерлі екенін көрсетті, дәлелдеді де. Бәрін түсінді, ақыл таразысына салды,  тәуекелге барды.

- Осы ерлігі үшін қатты разы болған болдыңыз ғой...

- Әрине, бұдан артық қандай ерлік керек еді? Осы  қасиеті үшін оған шексіз разымын. Қытайлықтар алтын біздің қолда, енді оған таласуға ешкімнің шамасы келмейді деп арқасын кеңге салып тұрғанда, Нижат нар тәуекелге барып, оның ауызындағысын жырып кетті. Мұндай жағдайды ешкім күткен жоқ.  Ал, Жазираға іштей қатты ренжіп қалдым.

- Неге?

- Жалпы, мен арық айтып , семіз шығатын адаммын. Бүгінгі  жоспарлағаным екі алтын болатын.  Жазирадан негізі алтын күткенмін. Алтын алатын қыз еді. Нижат та, ол да серпе көтеруден өте мықты. Расын айтсам, кім серпе көтеруден мықты, сол жеңімпаз болатын еді. Жазира жұлқа көтеруде 117 келіні алғанда әңгіме басқаша болар еді. Ол жаттығуда жұлқа көтеруден 120 келі, серпе көтеруден 150- 153 келіні еркін алып жүрген қыз болатын. Алтын аларына сендім.

- Күмісте жаман емес қой. Бұл ренжитін дүние ме? Қазақ елі соған да шүкірлік етіп, қуанып жатыр...

- Бұл спорттың тілін мендей ешкім біле де, түсіне де қоймас. Оның алғашқы жаттығуда күміс алғаны буынына түсіп кетті.  Зілтемірді сүйгенде-ақ түсіндім. Сүймеуі керек еді. Менің іштей ренжігенім осы.  Жазира қытайлықтан басым түсе алмаймын, осы жетеді деп ойлап қалды. Қанша қайрасам да ол өзінің қалпына келе алмады. Серпе көтеруде ойнап алып жүрген салмағынан мүлт кетті. Көңілімде бір ғана жұбаныш бар. Ол қазақ қызының тұңғыш рет Олимпиада ойындарының жүлдесіне ие болғандығы. Мен бұл оқиғаны іштей армандап жүргенмін. Сол ғана мені жұбатты. Әйтпегенде Жазираны кешірмес едім

Күнсұлтан Отарбай, ҚазАқпарат