28 қаз, 2016 сағат 15:15

Әлем сахнасына ашылған жол

Қазақ ұлттық хореография академиясы мен Бейжің би академиясы келісім жасасты

Қазақ халқы үшін би өнері таңсық емес. Халқымыздың арғы-бергі тарихына терең зер салсақ, би өнерінің сонау ықылым заманның өзінде-ақ, қазақтың ұлттық өнерінің бір бұтағына айналғанын айқын аңғаруға болады. Тіпті, қазақ биінің бірнеше дәуірді бастан кешкені баршаға мәлім. Ал би өнерінің ұлттық сахна биігіне көтерілуі – сол халықтың жан дүниесін, таным-түсінігі мен табиғатпен етене байланысын көрсетеді. 

Би – үлкен өнер. Бұл өнер қоғаммен бірге өсіп, жетіліп отырады. Би өнерінің әлем халқын мойындатарлық қауқары бар. Қазіргі таңда республиканың әр аумағында жекеменшік би мектептері, би студиялары мен үйірмелері жетерлік. Алайда, ұлттық қолтаңба болмай, төл өнерімізді дамытпай, біз шығыс биі, испан билерімен алға оза алмаймыз. Шығыс биімен өзбекті, ұйғырды, түрікмен мен тәжікті, батыс билерімен испандықтарды таңғалдыра алмайтынымыз анық. Ендеше, ұлттық би үлкен қамқорлықты қажет етеді.

Бұл қамқорлық неден басталды? Жақында Астана қаласында Орталық Азияда теңдесі жоқ Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылғандығынан жұрт хабардар. Ғимараттың тұсауын салтанатты түрде кескен Елбасы Н.Назарбаев отандық би өнерінің қара шаңырағына айналатындығына сенім білдіріп, қазақ би өнерінің жұлдызы жарқырай түсетіндігіне ерекше екпін түсірген болатын. «Білім ошағына арнайы ұлттық жоғарғы оқу орны мәртебесін бердік. Бірінші сыныптан бастап жоғарғы білім алып, докторантурасын бітіріп шығатын мұндай мектеп еш жерде жоқ. Мұндай мектепті тек ауқаты күшті мемлекет салады. Жағдайы жақсы болған соң, елдің, халықтың өнерге деген ынтасы көбейеді. Бұл 100, 1000 жылда бір мәрте салынатын ғимарат» деген Елбасы Н.Назарбаев болашақта өзге елдердің талантты балалары да оқуға қабылдануы мүмкін екендігін алға тартты. Яғни, бұл академияның Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдерінің бишілерін дайындауға қауқары бар. Себебі, қатаң іріктеуден өткен өнерпаз-оқушылар бірінші сыныптан бастап магистратураға дейін шыңдалып, кәсіби мамандық алып шығады.

Бейжің би академиясының президенті Гуо Лей, әсем өнерлер факультетінің деканы Ван Су және хореография факультетінің доценті Ши Бодан бастап келген делегация Қазақ ұлттық хореография академиясына экскурсия жасаған сәтте заманауи тұрғыда жабдықталған балет залдары, тұрғынжай мен оқу корпусының әлеуетіне таңдай қақты. Сондай-ақ олар қазақстандық хореографтардың сабақтарына қатысып, шеберліктері мен оқыту деңгейлеріне жоғары баға берді.  

Міне, келешекте таланттардың ордасына айналатын Қазақ Ұлттық хореография Академиясының шетелмен әріптестік орнатуы заңдылық. Жақында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Бейжің Би Академиясының президенті Гуо Леймен кездесіп, Қазақстан және Қытай арасындағы мәдениет саласындағы әріптестіктің даму болашағын талқылаған еді. Осы басқосудың маңызы да Қазақстан және Қытайдың алдыңғы қатарлы екі хореографиялық оқу орны арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюы болды. Олар екі елдің бұл салада да тонның ішкі бауындай аралас-құралас болатындығын мақтанышпен жеткізді.

Демек, Қазақ ұлттық хореография академиясы және Бейжің би академиясы арасындағы келісім білім беру, шығармашылық және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, оқытушылар мен студенттер арасында тәжірибе алмасу, сонымен қатар оқытушылар, докторанттар мен магистранттардың ғылыми тағылымдамалардан өтуіне, соның ішінде академиялық мобильдік шеңберінде, ұйымдастыру мәселелеріне даңғыл жол ашады. Бейжің би академиясының президенті Гуо Лей студенттер алмасу мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігіне тоқталып, өз академиясының жұмыс істеу қағидалары, түлектер үшін театр туралы, бүкіл әлем бойынша практикалық қызмет пен филиалдардың белсенді жұмысының маңыздылығы жөнінде айтып берді.

Бейжің би академиясы – Қытайдың әлемдік деңгейдегі хореографиялық оқу орны. Түрлі деңгейдегі 480 педагог қызмет ететін академияда бүгінгі таңда 2000 жуық студент білім алады. Оқу үрдісі негізінен үш бағыт бойынша жүзеге асырылады: олардың қатарында балеттанушы, би режиссері және би орындаушысы. Бұл оқу орнында тек қытай ұлттық және халық би өнері оқытылып қана қоймай, еуропалық балет өнеріне де ерекше назар аударылады екен. Қазақта «Үйрен де жирен» деген сөз бар. Бүгінгі жаһандану заманында көрші мемлекеттердің ұлттық би өнеріндегі ұтымды тұстары мен үлгілерін тәжірибеде пайдалансақ, ұтылмасымыз анық. Әсіресе, бүкіл әлем халқы шек-шекарасыз қабылдайтын балет өнеріндегі тың өзгерістерді назарда ұстау абзал.

Осылайша, екі мемлекеттің хореографиялық академияларының ынтымақтастық жоспарларына сәйкес, мәдени бағдарламалар да басталып кетті. Қазақ ұлттық хореография академиясының 22-31 қазан аралығында өтіп жатқан Бейжің би академиясы жанындағы «2016 Beijing Dance Performance Series» би фестивалінінің екі елдің мәдени мұрасына берері көп. Фестиваль аясында Қазақстан делегациясы түрлі мемлекеттерден келген оқытушылардың шеберлік сыныптарына қатысып, балет өнері саласындағы қазақстандық мәдениетті танытудың тамаша мүмкіндігін қалт жібермеді.

Бір кезде жазушы Мұхтар Әуезов: «Бiздiң қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән, күй деген мұрамызда шек жоқ. Ал бұл қазақ халқынан қалған биден мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы бидi қолға алғаны жөн» деп алаңдаған екен. Бүгінде осы олқылықтың орнын біз тілге тиек еткен әріптестік шаралары толтырып келетіні айдан анық.    


Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Хореография кафедрасының меңгерушісі Роза Сабдалиева Болысқызы:

 – Қазақстанда хореографиялық мамандық 1992 жылы ашылды. Би өнері көне заманнан келе жатыр. Әуесқойлықтан кәсіби деңгейге көтерілді. Шара Жиенқұлова апайымыз өз өмірін би өнерімен ұштастырып, оған әсерлі сезіммен, асқан сүйіспеншілікпен қараған. Кәсіби балетмейстер Дәурен Тастанбекұлы Әбировтың еңбегі қандай! Кейіннен оқып келгендер қатары көбейіп, оқу орындары ашылды. Ал биыл ашылған Қазақ хореографиялық академиясы би өнеріне деген көзқарастың өзгергендігін дәлелдейді. Би мамандығының қажеттігі байқалды. Бұған дейін елімізде мамандық ғана болса, енді білдей оқу орны  Қазақстанды басқа қырынан танытпақ. 

 Қазіргі кезде мамандық беру стандарт бойынша жұмыс істейді. Мамандықтарды қысқартып, жүйелеп, өнерді бір бөлек, педагогиканы бір бөлек оқыту қолға алынды. Бір өкініштісі, соның ішінде хореография мамандығы жоқ. Бұл үлкен мәселе. Болашақта кәсіби деңгейдегі мамандарды даярламасақ, ертең оқытушы таппаймыз. Себебі би өнерін дамыту мәселесі әу бастан өзекті. Астанада ашылған хореографиялық академиясынан бөлек, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Орал қалаларында мамандар дайындап жатқан оқу орындары бар.

Қытай би өнері ерекше. Қытай би өнері – үлкен мектеп. Бұл мемлекетте би өнеріне деген құрмет басқа. Қытай биінің өз әдістемесі бар. Би орнында тұрмау керек. Әркез қимылда болуы керек. Екі ел арасындағы әріптестік Қазақстанға жаңа буын, қазақ биінің қимыл-әрекетіне тың өзгеріс әкеледі деп сенемін. Біз де модерн ағымынан тыс қала алмаймыз. Сонда ғана кәсіби деңгейде орындаушылық шеберлігі жоғары бишілер көбейеді. Өзара тәжірибе алмасу, шеберлік сыныптарын өткізу – әлем сахналарына даңғыл жол ашады.  

 Ұлт порталы