30 мау, 2022 сағат 11:20

Almaty қонақ үйінің жаңа қожайыны кім?


Бұдан былай Almaty қонақ үйі – Orbis Kazakhstan компаниясының меншігі.

Forbes.kz басылымының хабарлауынша, Orbis Kazakhstan компаниясының иелері – Фаррух пен Сухраб Махмудовтар. Олар экономиканың барлық саласымен жұмыс істейді екен. Orbis Kazakhstan-ның жұмысы мұнай-химия, авторитейл, агробизнес, құрылыс пен басқа да салаларды қамтыған, - деп жазады Ulysmedia.kz порталы.

Almaty  қонақ үйі 1967 жылы салынған. Ол өткен ғасырдың 90-жылдары тұралап, 2000 жылдары екінші демін алып, жұмыс істеп келеді. 2006 жылы оны Astana Group компаниясы сатып алған еді. Сол кезде қонақ үй күрделі жөндеуден өтіп, ажары ашылды. 

Astana Group-тың басшысы Нұрлан Смағұловтың айтуынша, компания 16 жылдан бері отельдің сақталып, мәртебесінің артуына қолда бар жағдайды жасаған.

"Біздің компания Almaty-ның баяғы 60-жылдардағы түр-түсін, келбетін сақтап қалу үшін барлық жағдайды жасады. Онымен бірнеше жыл бойы айналыстық. Енді сатылымнан түскен ақшаны біз Almaty Museum of Arts қазіргі заманғы өнер музейінің құрылысына жұмсайтын боламыз. Мұражай 2024 жылдың ортасында ашылады. Алматының ажары осылай ашыла береді", - деді ол.

Orbis Kazakhstan-ның өкілдері қонақ үй бұрынғы режимде жұмыс істей беретініне сендіріп отыр. "Оның сыртқы келбеті, ішкі дизайны да өзгермейді" дейді компаниядағылар.