01 жел, 2023 сағат 13:55

Алматыда 40 мың студент далада жүр - Рахман Алшанов

Сурет: freepik

Қазақстан Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов бүгін елордада өткен «Университеттердің жаңа моделі» атты ұлттық ректорлар мектебінің жиынында Алматы хостеліндегі өрт туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Өткенде үлкен жиналыста да айттым. Қарасаңыз, Назарбаев Университетінің бюджетін бұған дейін ешкім білген жоқ. Өткенде айтылып қалды. Бір ғана сол университеттің бюджеті Қазақстандағы бүкіл университеттердің қаражатынан артық боп тұр. Әрине, жоғары білімді дамыту керек болды. Бірақ қашанғы осылай бола береді?! Бүгінгі таңда мемлекет әлі оларға бюджеттен көмектесіп отыр. Сонда кеткен ақшаның жартысын үнемдейтін болса, қалай болар еді? Олардың уәжі бар, Гарвардта қаншама баланы оқытқанша өз елімізде сол жақтың ғалымдарын шақыртып оқытамыз, сол арқылы ақша үнемдейміз дегенді айтады. Назарбаев Университетінің бюджетін бір студентке шаққан кезде 240 мың доллар екен. Ал Гарвардта 40 мың доллар ғана. Бізде 6 есе жоғары. Сонда біз Гарвардтан 6 есе көп маман дайындап жатырмыз ба? Ақшаның бәрі қайда кетіп жатыр? Тексеретін органдар соны тексерсін», – дейді ғалым.

Оның айтуынша, бір жатақхана салуға 2 млрд теңге кетеді.

«Назарбаев Университетінің жылдық бюджетінің жартысын үнемдейтін болса, 100 жатақхана салуға болатын еді. Ал 100 жатақхана деген - 5 мың студенттің панасы. Сонда кешегі хостелдегідей оқиға болмайтын еді. Алматыда қазір 40 мың бала далада жүр. Амалсыздан хостелге барады. «Керек, керек», - деп санитариялық норманы, талаптарды төмендеттік. Соның салдарынан осындай жағдай болды», – деді қауымдастық президенті.