Фотоколлаж: Liter.kz
Алматыда жыл басынан бері есірткі таратумен айналысқан 670 сайт пен Telegram-арна анықталып, бұғатталды. Бұл жұмыс полиция мен еріктілердің бірлескен әрекетінің нәтижесінде жүзеге асқан, деп хабарлайды Ult.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Сұлушаш Досболованың айтуынша, наркоресурстар бірнеше арна арқылы анықталады. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерге жүргізілетін тұрақты мониторинг, азаматтардың шағымдары, сенім телефонына келіп түскен хабарламалар және «E-Өтініш» платформасы арқылы алынған мәліметтер ескеріледі.
Сонымен қатар заңсыз ресурстар жедел арналар арқылы да анықталып отырады. Жиналған ақпарат «Кибернадзор» жүйесіне жіберіліп, содан кейін сайттарды бұғаттау шарасы қолға алынады.
Полиция өкілінің айтуынша, кейбір сайттар бірден жабыла бермейді. Өйткені олар арқылы есірткі таратумен айналысқан адамдарды анықтау үшін жедел жұмыстар жүргізіледі.
Сондай-ақ полиция тұрғындарды да бұл іске бейжай қарамауға шақырып отыр. Егер интернетте есірткі сататын сайтты, Telegram-арнаны немесе есірткіні жарнамалап жатқан аккаунттарды байқасаңыз, арнайы WhatsApp нөміріне немесе Narko Shekteu Almaty Telegram-арнасына хабар беруге болады.
Айта кетейік, Қазақстанда есірткіге қарсы жүргізіліп жатқан цифрлық тәжірибе шетелдік мамандардың да қызығушылығын тудырып отыр.
