Фото: ашық дереккөз
Алматыда «ҚазТАГ» агенттігінің иесі Асет Матаевқа топ болып шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Ult.kz.
Адвокат Рена Керимованың мәлімдеуінше, оқиға кезінде Матаев пен оның досына 5-6 адам шабуыл жасап, соққыға жыққан. Нәтижесінде ол ауыр жарақат алған.
«Асет Матаевтың басы жарылған, ашық жарақаты бар, сондай-ақ маңдай қуысының сынуы тіркелген. Қазір өзін өте нашар сезініп отыр», – деді қорғаушы.
Адвокаттың айтуынша, зардап шегуші сот-медициналық сараптамаға жіберілген. Қорғаушылар Медеу аудандық полиция басқармасына барып, оған құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал Матаев пен оның досы Достық даңғылындағы бардан шығып, таксиге бет алған кезде басталған. Қорғау тарапының нұсқасына сәйкес, оларға белгісіз адамдар тобы шабуыл жасаған.
Бұған дейін полиция Медеу ауданындағы ойын-сауық орны маңында болған төбелестен кейін Матаевтың ұсталғанын хабарлаған еді. Құқық
қорғау органдарының мәліметінше, жанжал ер адамдар арасындағы сөзге келіспеушіліктен басталып, төбелеске ұласқан. Қазіргі уақытта іс «бұзақылық» бабы бойынша тергеліп жатыр.
