27 нау, 2024 сағат 11:44

Алматыда автобус жүргізушісін ұрған жолаушының соты тағы кейінге қалды

Фото: Kazinform


Алматы қаласы Алатау аудандық сотында 32 жастағы Дархан Ахметжановқа қатысты сот отырысы өтті, — деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Kazinform-ға сілтеме жасап.


Сот отырысы барысында оқиға куәгерлері шақырылып, сөздері тыңдалды. Кәмелетке толмаған жігіттің айтуынша, автобус апаты кезінде аяғын сындырып алған.


«Мен 47-ші автобусқа отырдым. Құлаққаппен ән тыңдап келе жаттым. Бір уақытта бір жолаушының жүргізушіге қарай жүгіріп бара жатқанын байқадым. Осыдан соң автобус адамдарды қақты. Мен құлап қалдым, аяғымды сындырдым. Автобустың ішінде шу шықты. „Не істеп тұрсыңдар, көмектесіңдер“, — деп біреу айқайлады. Міне үш ай уақыт өтті. Мен көп нәрсені ұмыттым. Бір жолаушының: „Жүргізушіге көмектесейік“, — дегені есімде. Ол есін енді жинай бастаған еді. Мен жүре алмадым, бірақ, сонда бар күшімді жинап, төрт адам болып әйелді көтеріп, жедел жәрдем көлігіне апардық. Қазір жүрсем, аяғым әлі ауырады», — деді жасөспірім.


Сот отырысына сондай-ақ куәгер ретінде «ДуманТранс» компаниясы директорының орынбасары Манас Тазабеков шақырылды.


«Жүргізуші Ермек Шөкебаеваға қатысты жұмыста ешқандай арыз-шағым болған жоқ. Жұмысқа кірер кезінде тиісті құжаттарын тапсырған. Қателеспесем, 7-8 жыл көлік жүргізу тәжірибесі бар… Негізі ешқандай жолаушы жүргізушіні жолдың бойында тоқтатуға хақы жоқ. Неге десеңіз ол жерде адамның өмірі бар, одан бөлек жол үстінде апатты жағдай туғызады. Жүргізуші аялдамада тоқтаған кезде жолақыны алып, билетті беруі керек. Бірақ, қозғалыс кезінде жол үстінде ештеңеге алаңдамауы керек. Жолаушы жол үстінде автобусты тоқтатуды талап еткен. Алайда, ол жерде тоқтауға ешқандай мүмкіндік болмады. Біріншіден, тоқтайтын жер жоқ, себебі, ол кезде көпірдің астында кетіп бара жатқан. Екіншіден, онда үлкен қозғалыс болды. Жүргізуші жол ережесін бұзған болар еді… Біз қайтыс болған адамдардың отбасыларына көмегімізді көрсеткенбіз», — деді автопарктың өкілі Манас Тазабеков.


Жүргізуші Ермек Шөкебаеваның анасы қаза тапқан адамдардың туыстарына не үшін адвокат қажет болғанын түсінбей дал болуда.


«Оларға не үшін адвокат керек? Менің менің қызымда ешқандай адвокат жоқ қой. Мен өзім қайтыс болғандардың отбасыларына барып, кешірім сұрағанмын. Олар: „Сіздің қызыңыздың ешқандай кінәсі жоқ“ деп шығарып салған. Ал қазір мынадай істеп отыр. Бәрін сот шешеді», — деді Ермек Шөкебаеваның анасы.


Айта кетейік, автобуста жүргізуші әйелді ұрған Дархан Ахметжановқа қатысты сот отырысы тағы да кейінге, осы жолы 3 сәуірге шегерілді.


Бұған дейін автобуста жүргізуші әйелді ұрған Дархан Ахметжановқа қатысты сот отырысы 20 наурызда басталған еді. Оған қатысты ҚР ҚК 293-бабы (бұзақылық) және ҚР ҚК 351-бабы (екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін ережелерді бұзу) бойынша айып тағылды. Алайда, Алматы қаласы Алатау аудандық соты соттталушының сотын 26 наурызға шегерген еді. 


Еске салсақ, өткен жылы желтоқсан айында Алматыда № 47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан әйел есінен танып, көлікті басқара алмай, аялдамада тұрған бір топ адамды қаққан


Апат салдарынан 7 адам зардап шегіп, 3 адам қайтыс болды


Қаза тапқан үш адамның екеуі ерлі-зайыпты ұстаздар болған. Олардың артында 4 баласы қалды


Автобус жолаушысы ұсталып, оған қатысты ҚР ҚК 293-бабы (бұзақылық) және ҚР ҚК 351-бабы (екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін ережелерді бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ ол екі айға қамауға алынған болатын