22 мау, 2021 сағат 16:40

Алматыда Қоғамдық кеңес мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру мәселелерін талқылады



Бүгін қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері «Алматы қаласындағы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру жүйесінің жағдайы және оны одан әрі дамыту» мәселесі бойынша қоғамдық тыңдауға қатысты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Коронавирустық пандемия жағдайындағы (2020 ж. наурыз – 2021 ж. мамыр) Алматы қалалық Білім басқармасының қызметі және олардың білім беру ұйымдарындағы жаңа жағдайдағы әрі қарайғы қызметі бойынша бағыттары» тақырыбы бойынша өткен тыңдауға Қоғамдық кеңестің мүшелері мен сарапшылары, білім басқармасының өкілдері, білім беру ұйымдардың басшылары, БАҚ, білім беру мәселесіне бей-жай қарай алмайтын Алматы қаласының тұрғындары қатысты.

«Бүгінгі тақырып өте өзекті екенін баршаңыз білесіздер. Биыл екінші жыл қашықтан білім беріп, онлайн сабақ өттік. Оқушыларымыз екі жыл үйде отырып оқыды. Бұл жағдай мұғалімдерге де, оқушыларға да оңай болған жоқ. Дегенмен әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, білім алушыларға барлық жағдайды жасауға тырыстық. Пандемияның әсері болмаған сала жоқ шығар. Қай салаға болмасын, оңай болған жоқ. Дегенмен білім саласына өте ауыр болды. Оқушылардың білімі белгілі бір пайызға дейін төмендегенін жасыра алмаймыз. Себебі алғашқы жылы онлайн оқу мен қашықтан білім алуға олар да дайын болмады. Мұғалімдер де дайын болмады. «Ауруын жасырған өледі» деп қазақ бекер айтпаған. Осы мәселені айтып, дабыл қақтық. Нәтижесінде кезекші сыныптар ашып, кей балалардың мектепке келіп оқуына мүмкіндік алдық», - дейді Абай атындағы мектеп-интернаттың директоры Роза Сексенова. Коронавирустық пандемия жағдайында Алматы қаласы мектепке дейінгі және мектептегі білім беру ұйымдарының қызметін ұйымдастырудағы проблемалар және оларды шешу жолдарын қарастыруды мақсат еткен тыңдауда Қоғамдық кеңестің мүшелері де сөз алып, аталған әрбір өзекті мәселені парламентке жеткізуге міндет алды. Осылайша карантин жағдайындағы білім саласының жетістіктері мен кемшіліктері жоғары деңгейде талқылануға жолдама алды десек те болады.

Талқылауда сөз алған Қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов осы отырыстың негізгі міндеттерін атап өтті.

«Құрметті, тыңдауға қатысушылар! Бүгінгі көтеріп отырған мәселелеріңіз өте орынды екенін атап өикім келеді.өйткені өзім де білім саласында қаншама жылдан бері қызмет етіп келемін. Мектеп, колледж, университет басқарып отырған білім саласының өкілі ретінде бұл мәселелерге бейжай қарай алмайтыным анық. Бүгінгі тыңдалымның негізгі міндеттері: Алматы қаласында коронавирус пандемиясының пайда болуы мен таралуына байланысты білім беру ұйымдарының жұмыс жоспарларына түзетулер жасау, 2021-2022 оқу жылында олардың ойдағыдай жұмыс жасауы үшін Алматы қаласындағы мектепке дейінгі және мектептегі білім беру ұйымдарында жаңа жұмыс әдістерін әзірлеу, Білім беру ұйымдарын заманауи әдістермен, жабдықтармен және технологиялармен оқу-әдістемелік және техникалық қамтамасыз ету, Жалпы орта білім беру ұйымдарындағы, оның ішінде арнайы мектептердегі білім беру сапасын арттыру, оқушылардың жазғы уақытта (жазғы мектептерде) бос уақытын дұрыс өткізуді қамтамасыз ету, мектептерді екі ауысымдық білім беруге көшіру және т.б. бойынша ұсыныстар жасау екенін атап өткім келеді. Бұл әрине, оңай шаруа емес, дегенмен бәріміз бірге бұл мәселелердің де оң шешімін табамыз деп сенемін», - деді Алматы қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов.

Айта кетейік, Рахман Алшанов білім саласында талай жылдан бері қызмет етіп келеді. Атап айтқанда, өзі басқарып отырған «Тұран» университетінің негізін қалам, білім саласында айтарлықтай еңбек сіңіруде.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері «Алматы қаласындағы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру жүйесінің жағдайы және оны одан әрі дамыту» мәселесі бойынша қоғамдық тыңдауға қатысты. Аталған жиынға Қоғамдық кеңестің мүшелері мен сарапшылары, білім басқармасының өкілдері, білім беру ұйымдардың басшылары, БАҚ, білім беру мәселесіне бей-жай қарай алмайтын Алматы қаласының тұрғындары қатысты.