09 ақп, 2024 сағат 11:57

Алматыда лай көшкінінен қаза тапқан отбасының барлық несиесі төленеді - Досаев

Фото: Алматы ТЖД

Алматы әкімі Ерболат Досаев қайтыс болған отбасының туыстарына көңіл айтып, жақындарына қандай қолдау көрсетілетіні туралы айтты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

"Әкімдік ақтық сапарға шығарып салу рәсімдерін өткізу бойынша барлық қажетті көмекті көрсетеді. Бұл отбасының үлкен ұлы – шетелде оқитын Дмитрий Шиннің оқуына да көмектеседі, сондай-ақ ата-анасының қаржылық міндеттемелерін шешуге жәрдемдесеміз", - деді Ерболат Досаев.

Еске салсақ, 8 ақпан күні таңертең Алматыда лай көшкінінен үйінді астында қалған төрт адамның денесі табылды. Үйінді астынан құтқарушылар 1984 жылы туған ер адамның, 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылы туған егіз жасөспірімнің денесін тауып алып шықты. Қайғылы оқиғаға суық сумен жабдықтау құбырының жарылуы себеп болған.