10 қыр, 2020 сағат 17:33

Алматыда «Сөз археологиясы: тілдер, жазба ескерткіштер және тарих» атты конференция өтіп жатыр

Алматыдағы Достық үйінде Абайдың 175 жылдығына арналған «Сөздің археологиясы: тілдер, жазба ескерткіштер және тарих» атты халықаралық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирустың таралуынан туындаған әлемдегі күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты конференция онлайн-форматта өтіп жатыр. 

Конференцияның мақсаты – тіл білімінде бар тұжырымдамалық негіздерді, эмпирикалық материалды және лингвистикалық гипотезаларды пайымдау және осы саладағы жетекші мамандарды диалогқа шақыру. Сонымен қатар, Homo Sapiens – ойшыл адамның тарихын қайта құруға мүмкіндік беретін «сөз археологиясын» әзірлеу. 

Шара ұйымдастырушыларының бірі, ақын Олжас Сүлейменов конференцияның маңыздылығына тоқталды. 

«Бұл конференцияның берері мол. Бүгін көтеріліп отырған мәселелер мен ұсыныстар өз нәтижиесін береді деген ойдамын. Бәріміз ортақ қорытындыға келеміз деп сенемін «, - деді О.Сүлейменов. 

Конференция аясында 3 секцияның жұмысы жоспарланған: 

1.Тілдердің пайда болу тарихы, глоттогенез мәселелері, оның себептері, жергілікті ерекшеліктері, дәлел базасы, шумерологияның эмпирикалық мүмкіндіктері, этрускология, аккадология, сако-скифология, авестология, хеттология, гуннология және ежелгі жазудың нақты жүйелерін зерттеудің басқа салалары, сондай-ақ мәдениеттер жақындастығының материалдық дәлелі болып табылатын көне, орта ғасырлар және қазіргі заманғы жазба ескерткіштері зерттеледі; 

2. Сөз коды: таңбалық жүйелер, жазудағы таңбалар, салт-дәстүрлердегі, сюжеттердегі және ертедегі адамзаттың діни артефактілеріндегі символдар, ауызша және жазбаша дәстүрлер диалогы, сондай-ақ "сөз археологиясының" жаңа тәсілдерін пайдалана отырып, ғылыми кадрлар даярлау мәселелері; 

3. Тіл және ойлау, оның негізінде әлемнің лингвистикалық бейнесін зерттеу аспектілері, планетарлық сананы қалыптастырудағы сөйлеу мәтіндері мен социолектілердің орны және "сөз археологиясының" жаңа тәсілдерін ескере отырып, архетиптерді модельдік талдауды жүзеге асыратын прото - және тілдік ортақтықтарды қайта құратын этимологиялық зерттеулер талқыланатын болады.