30 нау, 2026 сағат 10:57

Алматыда травматология және ортопедия орталығы ашылады

Фото: ашық дереккөз

Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухана базасында өңірлік травматология және ортопедия орталығы құрылмақ, деп хабарлайды Ult.kz.

Жаңа орталықта ауыр жарақат алған науқастарға жедел жәрдемнен бастап оңалтуға дейін толық циклді жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. Жыл сайын мұнда 19 мыңнан астам адам ем алып, 12 мыңға жуық ота жасалады. 2025 жылы 2250 ірі буын эндопротездеу операциясы орындалып, рекордтық көрсеткіш тіркелген.

Орталық тек емдеу емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу, білім беру және алдын алу бағыттарын қамтып, мамандардың біліктілігін арттырумен айналысады. Бұл жоба оңтүстік өңірдегі травматологиялық көмектің сапасын арттыруға және жүйесін үйлестіруге мүмкіндік береді.

Жоба Алматы қаласы әкімдігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда. Сарапшылардың айтуынша, аурухананың материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуеті мұндай орталық құруға толық сәйкес келеді.

Айта кетейік, орталықты ашу аясында халықаралық мамандардың қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, Қазақстан мен Ресей клиникалары арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.