08 ақп, 2024 сағат 15:55

Әлназарова жаңа қызметінде ең алдымен қандай мәселені қолға алатынын айтты



Сенат кулуарында денсаулық сақтау министрі қызметіне кіріскен Ақмарал Әлназарова өзі басқаратын ведомство алдымен қандай мәселелерді қолға алатынын айтты. Бұл туралы “Ұлт ақпарат” KAZ.NUR.KZ ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.


Ақмарал Әлназарова бүгін денсаулық сақтау министрі ретінде алғаш рет журналистердің сұрақтарына жауап берді. 


БАҚ өкілдері министрден жаңа қызметінде ең алдымен қандай мәселелерді қолға алатынын сұрады. 


"Сенатор ретінде біз әртүрлі мәселелерді көтердік, оның ішінде трансплантология мәселелері де бар. Жалпы, көптеген мәселе бар, бұл – жедел түрде шешілуге тиіс бірінші кезектегі мәселелердің бірі. Бүгінде төрт мыңға жуық науқас ағза күтіп отыр. Өкінішке қарай, ағза донорлығы қажетті ауқымға шыға алмай тұр", - деді Әлназарова. 



Оның айтуынша, жоспарда медициналық-санитариялық көмекті нығайту мәселесі де бар.


"Алғашқы медициналық-санитариялық көмек неғұрлым мықты болса, аурушаңдық пен өлім-жітім соғұрлым аз болады. Халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған барлық профилактикалық іс-шаралар алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде әске асырылады. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінде бұл салада шешуді қажет ететін бірқатар мәселе бар", - деді министр.


Айта кетейік, 2024 жылғы 6 ақпанда Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды.