22 мау, 2022 сағат 15:55

"Алтын Орда" базарында сауда орындарын жоғары бағада жалға берген


"Алтын Орда" базарында сауда орындарын жоғары бағада жалға берген. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство мәліметінше, "Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС-нің қызметін сауда нарығына қатысты бәсекелестік заңнаманы сақтау тұрғысынан тексеру нәтижелері бойынша әкімшілік іс қозғалды.

"Өңірлік прокуратураның қаулысы негізінде Алматы облысы бойынша монополияға қарсы Департамент мамандары 2022 жылғы наурызда "Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС қызметін тексеруге қатысу барысында "Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС бұйрығына сәйкес, сауда орнын күнделікті жалға алу бағасы жүк көлігінен 15 000 теңгені, КАМАЗ және MAN автокөліктерінен - 7000-8000 теңгені, Sprinter автокөлігінен - 6000-7000 теңгені, ГАЗель автокөлігінен - 5000 теңгені, жеңіл автокөліктерден 3500 теңгені құрайтыны анықталды.

Алматы облысы бойынша монополияға қарсы Департамент наурыз айында өңірдің географиялық шекарасы бойынша көтерме-әмбебап нарықтарда көтерме сату үшін сауда орындарын ұсыну қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізді. Талдау нәтижесінде "Altyn Orda QazTrade Ltd" ЖШС 100% үлесімен монополиялық жағдайға ие екені анықталды" - делінген хабарламада.

Осы нарықтың маңыздылығы және сауда орындарына бағаның жоғары болуы азық-түлік өнімдеріне, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне әкеліп соқтыратынын ескере отырып, сауда нарығының әрекеттерінде монополиялық жоғары бағаны белгілеуге және ұстап тұруға бағытталған үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану бойынша бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу фактілері анықталған.

Тексеру қорытындысы бойынша 2022 жылдың мамыр айында "Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС-не қатысты  әкімшілік іс қозғалды. Материалдар Алматы облысы Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.