11 қар, 2022 сағат 20:55

Аналардың көңілі далада емес, балада болуы керек – Дайрабаев



Бұл туралы Хабар арнасында өтіп жатқан теледебатта ҚР президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Ауылдан шыққан адамды менсінбейтін халге жеттік. Қарапайым еңбек адамын қастерлеуді қойдық. Осының барлығын қайта жаңғыртатын кез келді. Мен Ата заңымыздың басты қағидаты - билік те, байлық та халыққа тиесілі болуын сөз емес, іс жүзінде жүзеге асырамын. Қарапайым еңбек адамының рөлін арттырамын. Әр адамның азамат болып қалыптасуына, тынымсыз еңбек ететін мұғалімдердің, жан мен тәніміздің сақшысы болып жүрген дәрігерлердің, ел ырыздығын молайтып отырған ауыл еңбекшілерінің беделін бәрінен жоғары қойып, қайта асқақтатамын", - деді Дайрабаев.

Айтуынша, бағдарламасының екінші тарауы сана-сезімді жаңартып, әрбір азаматты жоғары мәдениеттілікке шақыруға арналған.

"Біз - үлкенді ардақтап, кішіге қамқор бола білген елміз. Жау мен дауды бір сөзбен-ақ тоқтатқан дана халықпыз. Әр қазақстандық бесігінен жақсы тәлім алса, қулықпен тапқан байлыққа, арам ақшаға, жастайынан жиіркенішті қараса, сонда ғана оңаламыз. Аналардың көңілі далада емес, балада болуы керек. Сондықтан оларға қолайлы жағдай жасауға міндеттіміз. Тіліміз жоғалса, ұлтымыз да жоғалады. Сондықтан ана тіліміздің рөлін де арттырамын", - деді үміткер.