28 мам, 2017 сағат 15:35

Аруақтар әлдененi сездiртедi

ТЕК ОНЫ ТҮСIНЕ БIЛУ КЕРЕК

Бұл оқиғаны маған марқұм ағам айтып берген-дi. Ол ағамның өз басынан өткен.

“Әдетiмше ерте оянып, бетi-қолымды жуып жатқанмын. Ойымда ештеңе жоқ. Әрi таңғы уақыт болғандықтан, ұйқым ашылмаған, әрi-сәрi болып тұрған кезiм. Бiр кезде оң жақ иығыма қойылған әлдебiреудiң қолын сездiм. Алғашқыда ермек таппай жүрген туыстарымның бiрi шығар деп қорыттым да, артыма бұрылып қарасам, о, тоба, ешкiм жоқ. Тiрi жан көрiнбейдi. Бiрақ әлгi қол әлi иығымнан түспегенiн сезiп тұрмын. Бұл не сонда? Жын, елес, аруақ туралы әңгiмелердi естiгенiм болмаса, бұрын-соңды мұндайды өз басымнан өткерiп көрмеген едiм. Есiм шықты. Не iстерiмдi бiлмей қипақтап қалдым. Сәлден соң жуынатын бөлмедегi қабырғаға iлулi тұрған айнаға көз тас­тадым. Бәрiбiр ешкiм көрiнбедi. Сонда да алды-артыма жалтақ-жалтақ қарап қоямын. Екi-үш минут бойы мең-зең күйде тұрдым. Бiр кезде әлгi қол иығымнан түстi-ау, әйтеуiр”.

Ағамның бұл әңгiмесiне сенер-сенбесiмiздi бiлмедiк. Бiрақ жасы елуден асқан ағамның бұрын-соңды өтiрiк айту түгiл, әзiлдегенiн де көрмеппiз. Бұл оқиғадан кейiн жуынатын бөлмеге кiрген сайын алды-артыма қарап жүрудi әдетке айналдырдым.Әлгi қол менiң иығыма қойылмаса екен деп те үрейленiп қоятынды шығардым. Бiраз уақыт өткеннен кейiн бұл оқиғаны ағам да, басқамыз да ұмытып кеттiк.

Бiрақ көп ұзамай ағам ауыр науқасқа шалдықты. Дәрiгерлер алдымен “туберкулез” деген диагноз қойды. Бiрақ ешқандай ем-дом қонбады. Ақыры ағам туберкулезден емдейтiн диспансерден бiр-ақ шықты. Бұл емдеу орнына ағамның о бастан барғысы келмеген. Өйткенi ағамның шешесi осы ауруханада көз жұмған. “Үйде жатып емделемiн” дегенiне дәрiгерлер болмаған соң, амал жоқ, туберкулезден емдейтiн диспансерге жатуға тура келдi. Ағам киiм-кешегiн арқалап, сол емдеу орнына жол тартты. Оған “туберкулездiң жабық формасы” деген диагноз қойылған соң ара-тұра үйге келiп-кетуге рұқсат етiлетiн. Бiр күнi үйге келген ол ауруханада әлдебiреудiң тағы да иығына қолын қойғанын айтты. “Ойымда ештеңе жоқ. Төсегiмде отырған едiм, иығыма бiреудiң қолын салып тұрғанын сездiм. Осыдан жарты жыл бұрынғы қол... Бiрақ неге екенiн бiлмеймiн, бұл жолы қорыққан жоқпын. Әлгi қол бұл жолы иығымда ұзағырақ тұрды. Менiңше, ол маған әлдененi сездiрiп тұрған шешемнiң аруағы-ау деймiн”. Мұны естiген бiздiң зәре-құтымыз қалмады. Расында да, бұл кезде ағамның ахуалы ауыр едi. Дәрiгерлердiң емi шипа болмады. Қайта керiсiнше, аурудан әбден зәрезап болған ағамның құр сүлдесi ғана қалды. Өңi боп-боз. Тамаққа да тәбетi жоқ. Дәрiгерлер айтқан қымыз бен ет тәрiздi тағамдарды қайта-қайта алдына тосамыз. Алайда ағамның тамаққа қарағысы жоқ. Аздап дәм тататыны болмаса, асты бiр тамсанып iшпейдi. Сөйтiп, бас-аяғы бiр айдың iшiнде ағам 20 келi салмақ тастап, қаңбақтай болып қалды. Көздерi шүңiрейiп, жанарларынан от тайды. Дәрiгерлер де ағамды емдеуден бас тартып, “қалаға апарып көрсетерсiңдер” деп шығарып салды. Бiрден қалаға тарттық. Бiр емес, бiрнеше емханаға қараттық. Дәрiгерлердiң барлығы да ағама нақты диагноз қоя алмай бастары қатты. Ақыры жасы 70-ке тақап қалған бiлiктi дәрiгер “бұл ешқандай да туберкулез емес, қатерлi iсiк болуы мүмкiн” деп, онкологиялық ауруханаға жолдама бердi. Ағамды әбден тексерген онкологиялық аурухананың дәрiгерлерi бұл диагнозды растады. Өкiнiштiсi, ендi ағамды ештеңе де құтқара алмайтын едi. Өйткенi диагноз тым кеш қо­йылды. Ауру әбден асқынып кеттi. Амал жоқ, дәрiгерлер қолдан келгендерiн жасап, екi жыл бойы емдедi. Бұл жылдарда ағам адам төзгiсiз ауруға да көндiктi. Қатты ауырғаны соншалық, күнiне екi-үш сағат қана ұйықтайтын. Бiрақ ол өмiрiнiң соңғы сәтiне дейiн үмiтiн үзген жоқ. Тiрi пенде болғасын әркiм-ақ айығып кетудi армандайды емес пе... Ағам ауыр халде жатқанда үйге бiр емшiнi шақырттық. Ол: “Бiр аруақ сiз ауруға шалдықпай тұрып-ақ қатердiң алдын алу керектiгiн сездiрген. Әйтеуiр бiр тылсым күш бәрiмiзге де жамандықты алдын ала сездiртедi. Мұның алдын алуға болатынын ескертедi. Бiрақ аруақтардың не айтайын дегенiн түсiне, ұға алмаймыз ғой”, – дедi.

Осыдан бiрнеше жыл бұрынғы оқиға ойымыз­ға оралды. Кезiнде ағамның иығына әлдебiреудiң қолын салған оқиғаға мән бермегенiмiзге өкiндiк. Ағамның да: “шешемнiң аруағы маған әлдененi сездiрiп жатқандай” дегенiне құлақ аспаған едiк. Сөйтсек, аруақтар расында да тiрi пендеге “саған қауiп төндi” дегендей ишара бiлдiредi екен. Бiрақ бәрi тым кеш едi. Көп ұзамай ағам ауыр науқастан көз жұмды.

Зарина ЖЫЛҚЫБАЕВА,

Оңтүстiк Қазақстан облысы.

"Жас Алаш" газеті