25 қар, 2025 сағат 11:13

"Отанымды жемей": Журналист коуч Құралай ханымның даулы сөзіне құқықтық баға беруді талап етті

Фото: Facebook.com

Журналист Камшат Тасболат «Шәй в большом городе» фильміне қатысты жүргізіліп жатқан жарнамалық науқан аясында коуч Құралай ханымның айтқан сөзіне ресми құқықтық баға беруді сұрады, деп хабарлайды Ult.kz.

Желіде тараған видеода коуч «Қолынан түк келмейтін, бітірген дымы жоқ, сыншы диванбатырлар отанымды жемей, 3000 теңгеге зарламай, барып қолдаңдар Мөлдірді» деп айтқан. Камшат Тасболаттың пікірінше, «Отан» сөзін боғауыз мағынасында қолдану — құқықтық әрі этикалық тұрғыдан өте өрескел қателік.


Журналист бұл сөз қоғамды қорлау, мемлекеттік құндылықты таптау ретінде бағалануы мүмкін екенін атап өтті.

«Қай ел өзінде ‘отан’ сөзін боқтықтың орнына қолдануға жол береді? Мұндай сөзге әкімшілік жауапкершілік қолданылуы керек. Өткен жылы елімізде боқтанған 8 мыңнан астам адам айыппұл төлеген. Бұл жағдайда да құқықтық шара қолданылсын», — деді Камшат Тасболат.


Ол сонымен бірге фильмді насихаттау барысында жасалып жатқан манипуляцияны да сынға алды. Қоғам белсенділерінің бойкот жариялай бастағанын айтып, заң аясында ресми кешірім сұрату және айыппұл салу қажет екенін жеткізді.

«Кино түсіре алмайсыңдар ма, халықты қорлап, мал сияқты кинозалға манипуляциямен айдап апарамыз деп ойламаңдар. Кәсіби режиссер Ермек Тұрсыновтың жылайтынындай да бар ғой. Кино жанры сол Анандидің ар жақ-бер жағы боп тұр. Жақсы киноға жарнамасыз барады. Ақша үшін бірде түрлі гивтер ұйымдастырып, бірде психологиялық тренингтер өткізіп, Фигаро анда, Фигаро мында боп жүргендер - нағыз түк бітірмегендер. Бір саланың маманы болмай, он салада ақша үшін жүгірудің түбі денсаулыққа да, болашаққа да кері әсерін тигізеді. Халыққа дөрекі сөйлейтіндер заң аясында жауап берсін», - деп жазды Камшат Тасболат.


Журналист коучтың көпшілік алдында орынсыз әрі қорлайтын сөз айтуы әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралып, өзгелерге сабақ болуы тиіс деп санайды.