24 мау, 2019 сағат 10:51

Арыстағы жарылыс: Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды

Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы оқиға орнына барған өңір әкімі мәлім етті.

«Әскери бөлімде жарылыс болды. Сағат 09.20 кезінде хабарлама түсіп, төтенше жағдай жарияланды. Жақында орналасқан барлық аудандар мен елдімекендер жұмылдырылды. Қазір оқиғаның ауқымына баға бере отырып, қаланы толығымен эвакуациялау керектігін ұқтық. Сондықтан, барлық бағыт бойынша көліктер легі өтеді. Көліктер адамдарды тиеп алып, арнайы лагерьлерге орналастыратын болады. Барлық аудан әкімдері лагерьлерді ұйымдастыруды қолға алып, келгендердің тізімін жасауы керек. Әрбір әкімге тапсырма: келгендердің бәрін үйге немесе қонақүйге орналастыру керек. Әрбір лагерьді аудан әкімдері басқарады. Қазір эвакуция мәселесі бар. Біз сонымен айналысып жатырмыз», - деді Өмірзақ Шөкеев.  

Еске салсақ, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болғандығы туралы хабарлаған болатынбыз. ҚР Қорғаныс министрлігі Арыстағы жарылыстан зардап шеккендер жоқ екендігін мәлімдеді. Тоқаев Арыстағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс зардаптарын жоюды тапсырды.