Фото: ашық дереккөз
Қазақстанда қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы күрес аясында ірі криптовалюта арналарының бірі жойылды, деп хабарлайды Ult.kz. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.
Ведомство дерегінше, ТМД кеңістігіндегі ірі көлеңкелі криптосервистердің бірі — «RAKS Exchange» қызметі тоқтатылған. Аталған платформа цифрлық активтер арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен және қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан.
Тергеу барысында бұл криптоалмастырғыш арқылы Қазақстан, Ресей, Украина және Молдова аумағында әрекет еткен 200-ден астам есірткі интернет-дүкендерінің транзакциялары өткені анықталды. Платформаның жалпы айналымы 224 млн АҚШ долларынан асқан.
Ауқымды криптотергеу кезінде Follow the Money тәсілі қолданылып, есірткі айналымына және даркнет алаңдарының жұмысына қатысы бар 4 мыңнан астам криптоәмиянға блокчейн-талдау жүргізілген.
Нәтижесінде жалпы сомасы 9,7 млн USDT-тен асатын цифрлық активтер бұғатталды. Қазіргі таңда оның 3,2 млн USDT-і тәркіленіп, қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденген қаражат Агенттіктің арнайы шотына аударылған.
Агенттік мәліметінше, жүргізілген операциялар нәтижесінде азаматтардың денсаулығына қауіп төндірген ірі есірткі жеткізу арналары тоқтатылып, тарату инфрақұрылымы жойылған. Сондай-ақ бірқатар есірткі интернет-дүкендерінің қызметі толықтай тоқтатылған.
Қазіргі уақытта аталған бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.
